ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын әзірлеу мәселесі бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының басшылары, сәулет және қала құрылысы, облыстық басқарма басшылары қатысты.
«Әзірленген жобаға сәйкес Шымкент агломерациясының аумағы 1573,5 мың гектарды құрайды. Шымкент агломерациясының аумағында 1,8 млн. тұрғыны бар 367 елді мекен орналасқан. Бұдан бөлек, 5 мыңнан астам тұрғыны бар 35 елді мекеннің бас жоспары жасақталып отыр», — деді Тұрлыбек Түрікпенұлы.
Жиында сөз алған Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленгенін жеткізді.
Жаңа әзірленген жобаға сәйкес 2020 жылға қарай Шымкент агломерациясына жататын аумақта халық саны 185093 адамға немесе 10,3 пайызға артып, 1 986 087 адамды құрайды деген болжам жасалып отыр. Ал 2030 жылға қаладағы халық саны 534 779-ға көбейіп, 2 млн 335 мың 773 адамды құрайды деп болжамдануда.
Әзірленген жобаға қаныққан өңір басшысы тиісті сала басшыларына өзгерістер мен ұсыныстарды егжей-тегжейлі тағы да пысықтап шығуға тапсырма берді.
«Шымкент қаласының агломерациясы осыған дейін бірнеше рет кең көлемде талқыланған болатын. Осы мақсатта облысымыздағы тиісті басқармалар тыңғылықты жұмыс жүргізіп, өзгерістер мен ұсыныстарды енгізіп шықты. Енді бұл жобамызды алдағы желтоқсан айында Үкіметтің отырысына бекітуге ұсынатын боламыз. Сондықтан әттеген-ай дейтіндей мәселелер болмауы тиіс» , — деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген болатын. Аталған жобаға сәйкес контрмагниттер ретінде аудандардың да әкімшілік орталықтары анықталған. Оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы, батыс бағытында – Арыс қаласы, шығыс бағытында – Т.Рысқұлов селосы болып белгіленген.
Б. Сабыржан