ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МҰРАТ ӘЙТЕНОВ АРНАЙЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Бүгіннен бастап Шымкент қаласындағы барлық балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Шымкент қаласындағы өзге де қауіпсіздік шаралары туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеме жасады.
«Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Баршаңызға белгілі ағымдағы жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында Төтенше жағдай жариялады.
Сол уақыттан бастап Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуын алдын алуға сәйкес бекітілген алгоритмдер бойынша жұмыс істеп жатыр. Өкінішке орай, қаламызда коронавирус індетін жұқтырған 2 азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар емханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты. Бірінші науқас 18 наурыз күні сағат 17:30-да Нұр-Сұлтан қаласынан «Нұр-Сұлтан – Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен келген. 20 наурыз сағат 23:30-да төрт азамат Шымкент қаласына «Бекжан» автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласына бет алған. Ал біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған. Ал жаман індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынған соң жоғары температурамен жергілікті амбулаторияға шағымданған. Нәтижесінде осы азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Бүгінде аталған азаматтың анасынан тест алынып, нәтижесі оң болды. Шұғыл түрде науқастармен қатынаста болған екі медицина қызметкері отбасыларымен және бес потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан қалаларындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық адамдар оқшаулануға алынды. Қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздік шараларының негізгі бағыттарына тоқталып өтсем:
Біріншіден, қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіре-беріс жол қақпаларға 12 санитарлық бекеттер қойылды. Бұған дейін теміржол вокзалы мен әуежай да санитарлық бақылауға алынған. Екіншіден, қаладағы базарларда, сауда орындарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізілуде. Үшіншіден, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперделер тігіліп, қала аумағындағы базарлар мен дәріханаларға жеткізілуде. Сонымен қатар антисептик өнімдерін шығаратын Ордабасы индустриалдық аумағындағы кәсіпорын күніне 400 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда. Төртіншіден, қауіпсіздік мақсатында қала аумағындағы оқу орындарының барлығы демалысқа шығып, қашықтан оқыту жүйесімен жұмыс істейді. Ал 26 наурыздан бастап балабақшалардың барлығы жұмысын тоқтататын болады. Сонымен қатар, қаладағы тойханалар, ойын-сауық орындары толығымен тоқтатылып, сауда орталығы мен мейрамханалардың жұмыс уақыттары шектелді. Бесіншіден, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру бойынша арнайы штаб құрылып, азық-түліктің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда аса қажетті 19 азық-түлік түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті, баға бақылдауда. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Алтыншыдан, 15 наурыздан бастап Шымкент қалааралық автобустар вокзалынан жүретін халықаралық және 22 наурыздан жүретін Нұр-Сұлтан мен Алматы бағыттары шектелді. Бүгіннен бастап автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды. ТЖ жариялануына байланысты бүгінгі күнде қоғамдық көліктер бағытының 25 пайызы уақытша қысқартылды. Жетіншіден, қала аумағындағы коронавирус инфекцияның жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда әрекет етудің алгоритмі жасалынып, аурулар жатқызылатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды. Бүгінгі таңда медициналық қызметкерлер жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті. Қажеттілік болған жағдайда бұдан басқа да бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің жеке бақылауымда. Қала тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында байланыс орталығы құрылды. Қазіргі таңда қала тұрғындары Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларын қатаң қолдануымыз қажет. Төтенше жағдайда әрбір тұрғын қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан бәріміз арнайы талаптарды сақтауға міндеттіміз.
Құрметті жерлестер! ТЖ кезеңінде барлық сақтық шараларын қолданып, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін үйлеріңізде болуыңызды сұраймын. Барлық жағдайларға түсіністікпен қарауларыңызды өтінемін», деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.