Шымкент пен Қазан арасында екіжақты ынтымақтастық артады
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілі Денис Валеевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі жақты мәдени және экономикалық ынтымақтастық мәселелерін сөз етіп, білім, медицина мен смарт сити бағытындағы әріптестікті талқылады.
Қазақтар мен татарлар тарихы, мәдениеті, тілі мен әдет-ғұрпы жағынан бір-біріне өте жақын екенін айтқан қала басшысының бірінші орынбасары бүгінде екі елдің экономикалық байланыстарыда жақсы екенін атап өтті.
«Бүгінде Татарстан мұнай өндіру және мұнай химиясы, машина жасау және жоғары технологиялар саласында жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Шымкент пен Қазан арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту үшін бізде жақсы әлеует бар деп есептеймін. Шымкент-Қазақстанның үшінші мегаполисі, елдің оңтүстігіндегі жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтардың бірі»,-деді Қ.Нұртай.
Өз кезегінде сөз алған мәртебелі мейман Шымкент — Орталық Азияның тартымды қалаларының біріне айналып келетінін айтып, туристер үшін бұл қала әсем табиғаты мен қолайлы климатымен және көне тарихымен тартымды екенін жеткізді.
Кездесу барысында Татарстан елінде білім, медицина, смарт сити мен туризм,транспорт саласындағы өз жобаларын сәтті жүзеге асырған ірі компаниялар презентацияларын ұсынды.