ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесіп, этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты. 
Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен кездесуде Ассамблеяның  ХХVII сессиясында айтылған міндеттерді орындау, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Қазақтану» сынды маңызды жобаларды жүзеге асыру,  елдің бірлігін нығайту бағытындағы ассамблеяның  жұмысын ілгерілету мәселесі сөз болды.
Басқосуда қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың есебі, ассамблея мүшелерінің ұсыныс-пікірлері  тыңдалды.
Бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызына тоқталған қала басшысы бүгінгі таңда Елбасы саясатының арқасында еліміздің байрағы биік, тұғыры берік өмір сүріп жатқандығын атап өтті.
Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам этнос өкілдері тату — тәтті өмір сүруде. Яғни, миллионнан астам шымкенттіктердің 35 пайызын этнос өкілдері құрайды. Сонымен қатар, 17 этномәдени бірлестік елдің берекелі бірлігін бекемдеп, ырысты ынтымағын арттыру бағытында жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, қалалық ассамблея жанынан 8 қоғамдық құрылым (Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Журналистер мен блогерлер клубы, Ақпараттық-насихаттық топ, Қалалық ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы штабы) өз жұмысын бастаған.
Ал, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы жұмыс жүргізсе, қала аумағындағы 38 колледж жанынан «Достық» клубтары ашылған.
Жиын барысында Ерлан Айтаханов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген міндеттерді жұмыла орындауға және халық арасында насихаттау жұмыстарын бірлесе жүргізуге шақырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Автор фото: Береке Сейтжаппар.