ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІ АЛҒАШҚЫ ІС-САПАРЫН ҚАЛАНЫҢ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІНІҢ  ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУДЕН БАСТАДЫ  

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов түстен кейін алғашқы жұмыс сапарын қаланың шет жағында орналасқан шағын-аудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады.

Әкім Қаратау ауданының Исфиджаб тұрғын алабына арнайы келіп, ауыз су және электр қуатымен қамту мәселесін тұрғындармен бірге талқылады. Қала басшысы ауыз су мәселесін жүйелі түрде шешу бойынша тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Сапары барысында Е.Айтаханов  Сайрам тұрғын алабына барып, ондағы инфрақұрылым жүйесімен танысты. Бұдан бөлек, қала әкімі жергілікті халықпен кездесіп, екі сағаттан астам уақыт тұрғындармен өзекті мәселелерді талқылады. Тұрғындарды толғандырып отырған басты мәселе ауыз су мен сапалы электр энергиясы болып отыр.

Кездесу барысында қала басшысы негізгі жұмыс халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып, көтерілген мәселелерді рет-ретімен шешу міндеті тұрғанын жеткізді.

«Өздеріңізге мәлім Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша назар аударып отыр. Халықтың тұрмысын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Менің басты мақсатым шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау», — деді Е.Айтаханов.

Яғни,  қала басшысы Шымкентті мегаполис мәртебесіне лайықты ету үшін шалғайдағы шағын аудандардың инфрақұрылымын дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Шымкент қаласындағы күрмеуі шешілмеген әрбір мәселе күн тәртібінен түспейтінін айтқан мегаполис әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қала әкімі алдағы уақытта халықпен кездесу үшін барлық елді мекендерге жиі барып тұратынын айтты. Осылайша ол халық пен билік арасын жақындату ниетін жеткізді.

Өз кезегінде, тұрғындар қала әкіміне арнайы келіп өзекті мәселелерді көтергені үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

 

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі