Шымкентте 40 қабатты үй салынбақ

Былтыр Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктің мәжілісінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев  Шымкенттің шырайын арттыру жөнінде айтқан болатын. Міне, содан кейін облыстық, қалалық сәулетшілер шаһарда салынуы тиіс ғимараттардың заманауи жобасын жасаған. Бүгінде сол эскиздердің түгелге дерлігі дайын екен.

Осыған орай Өңірлік коммуникациялық қызметінде облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов журналистермен жүздесті. Баспасөз мәслихатында Е.Жүсіпов:

– Қазіргі қолданыстағы әуежайдың Қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың 3 нобайын әзірледік. Алғашқы нұсқа бойынша әуежай қазіргі әуежайдың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасса, екінші нұсқада Ордабасы ауданының аумағында, ал үшінші нұсқада Шымкент қаласының солтүстік жағындағы аумақта орналасатыны көрсетілген», –  деді.

Басқарма басшысының айтуынша, шаһардағы темір жол вокзалының заманауи эскизі де әзірленіпті. Сонымен бірге, Тараз, Қызылорда, Ташкент бағыттарынан облыс аумағына кіреберіс қақпалар мен белгілердің жаңа нобайлары жасаланыпты. Өздеріңізге белгілі,  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі облысымыздың 8 ауданының аумағынан өтеді. Бүгінгі таңға дейін сол жол бойында соңғы үлгідегі жолаушыларға қызмет көрсететін орындар жоқ. Ал баспасөз мәслихатында Е.Жүсіпов аталмыш автобан бойында бой көтеретін 39 қызмет көрсету нысанның жобасы әзірленгенін мәлім етті. Дегенмен, ол сызбалар әлі күнге ресми бекітілмеген. Алдағы күндері 39 нысанның нобайын облыстық қала құрылысы кеңесінің талқылауына ұсынады екен.

Басқарма басшысы облыс әкімінің тапсырмасымен 40 қабатты «Шымкент тәжі» тұрғын үй кешенінің жобасын дайындағанын да тілге тиек етті.

Яғни, Шымкенттің сәнін кіргізетін ғимараттардың құрылысы енді басталуы мүмкін.

                                                                       Т.БОРАЛДАЙ.