Шымкентте 5 жолайырық салынады

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында 5 жолайырықтың құрылысы басталғалы тұр. Егер аталған құрылыстар аяқталса шаһардағы көптеген жерде пайда болатын кептелістерден арылатынымыз анық.

Одан бөлек, жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» жобасы мен ескі қалашық кешенінің іргетасы қалана бастайды. Әрі облыс әкімінің бастамасымен «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешені маңында үш бидің ескерткіші орнатылмақ. Сонымен бірге,  «Қазығұрт» тарихи-этнографиялық кешені бой көтермек.

Сәулетшілер  Арыс қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізіп, Шымкент қаласының бас жоспарын өзектендіру жобасын дайындаған. Шаһарлардың көркін арттыруды көздеген мамандар әулиелі орындардағы  сағаналарды да абаттандыруды ұмыт қалдырмаған. Мәселен, «Қарашаш ана», «Ибраһим ата», «Қызыр Пайғамбар», «Әбдел Әзиз баба», «Мірәлі баба» кесенелері мен «Көне Отырарды» жаңғырту мақсатында жобалар даярланған.

Шымкент-Қасқасу және Шымкент-Сайрам-Төлеби аудандарына шығатын баламалы жолдың жобасы әзірленіп жатқанын да айта кеткен жөн. Бүгінде облыс аумағында қайта жаңғыртуды талап ететін 500 ескерткіш анықталған. Атап айтар болсақ, шаһардағы «Ескі қалашық», «Қазығұрт» тарихи-этнографиялық кешені, «Қарауыл төбе», «Керуен сарай», «Қошқар ата», «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешендері де ааттандыру жобаларының ішінде бар.

Былтыр Шымкент қаласында бірнеше шатқалдарда ағаштар егілгені мәлім. Енді тағы да 6 шатқалға эскиздік жобалар жасалмақ.

                                                                                      Т.БОРАЛДАЙ.