Шымкентте «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай мотошеру өтті
Оңтүстікқазақстандық байкерлер кезекті маусымды мотошерумен бастады. Шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сынды көршілес мемлекеттердің мотоциклистері арнайы келген.
Мотоциклді өмірінің мәні деп білетін 100 шақты байкер кезекті маусымның ашылуын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнады. Шымкент қаласының көшелерін аралап, «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттаған автошабандоздар өздеріне тән ережелер мен қағидаларды жұрт назарына ұсынды. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы №3 жетім балалар үйіне арнайы барып, қайырымдылық шарасына атсалысты.
Оңтүстік Қазастан байкерлер федерациясының президенті Рүстем Базарбековтің айтуынша, 29 мамыр күні оңтүстікқазақстандық 10 байкер ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне республикалық мотошеру ұйымдастырмақ. Шымкент қаласынан бастау алатын мотошерудің мақсаты – ЭКСПО көрмесін республика жұртына кеңінен насихаттау.
«Мотошеру 29 – мамырда Шымкенттен бастау алады. Біздің бұл идеямызға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Ең алдымен біз рухани астанамыз-Түркістан қаласына сосын Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалалары арқылы елорда да өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына кіріп барғалы отырмыз», — дейді Оңтүстік Қазастан облыстық мотоциклистер федерациясының президенті Рүстем Базарбеков.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында мотоспортқа қызығушылық танытып, байкер атанғандардың саны 300-ге жуықтайды. Олар жыл сайын облысымыздағы қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын ұстануға атсалысып келеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Elana.kz