Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы айлық жарияланды
Шымкент қаласында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне орай айлық жарияланды.
Мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақ пен жастардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру болып табылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімі «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай 27 – қараша мен 27 – желтоқсан күндері аралығын қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы іс-шараларды өткізу жоспарын бекітті.
Жоспарға сәйкес, қаланың барлық аудандары мен мемлекеттік мекемелерінде «Адал апта – ісіңе адал бол!» жемқорлыққа қарсы акция, «Адал ұрпақ» жобасы аясында білім ордаларындағы жоғарғы сынып оқушыларымен арнайы сабақтар және барлық оқу ордаларында бірыңғай сағат, осы тақырып аясында көпшілік мәдени іс-шаралар мен спорттық турнир және көрмелер өткізілетін болады.
Бекітілген іс-шара аясында бүгінгі күнге дейін «Халықтық заңгер» жалпы республикалық акциясы, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес — біздің ортақ міндетіміз» атты үстел теннисінен спорттық жарыс және қаладағы 104 мешітте тұрғындарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Бұдан бөлек, Шымкентте алғаш рет «Жол-көлік» колледжінде «Sanaly Urpaq» фронт-офисі ашылды.