Шымкентте тұңғыш рет несиелік серіктестіктердің халықаралық форумы өтті

Бүгін Шымкентте «Кредиттік кооперация. Ерекшелігін біл!» атты тақырыпта еліміздегі кредиттік серіктестіктердің халықаралық І- форумы өтті. Шараны еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен Агроөнеркәсіп кешеніндегі кредиттік серіктестіктер қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.  Форум жұмысын ашып берген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында өзара кредиттеу түріндегі қаржы мен несие қызметтерін ұсыну бойынша тармақталған қаржы желісінің аса қажет екенін атап өткен еді. Сондай-ақ Елбасы еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ары қарай — ЭЫДҰ) мүше елдердің стандарттарына көшу қажеттігін жүктегін болатын. Өйткені, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің қаржыландыруға қолжетімділігі – аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін бағалауда басты өлшем болып табылады. Сондықтан бүгінгі шараға қатысушаларға алғысымымды білдіріп, алдағы уақытта тығыз қарым –қатынаста жұмыс істеуге шақырамын», — деді Жансейіт Қансейітұлы.    

200-ге жуық адамның басын қосқан халықаралық форумға кредиттік серіктестіктер, «ҚазАгро» Холдингі, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты. Бұдан өзге, Ресей мен Литвадан арнайы келген кредиттік кооперация жетекшілері де бар.

Айта кетейік, еліміздегі кредиттік серіктестіктердің даму тарихы сонау 2001 жылдан бастау алады. Кредиттік серіктестік институты құрылғалы бері, 16 жыл ішінде олардың саны 187-ге жетті. Алғаш құрылған кезде қатысушылардың саны 800-ден аспаған болса, қазіргі таңда кредиттік серіктестік қатысушыларының саны 15 600-ді құрап отыр.  Осы уақытқа дейін несие серіктестіктері арқылы шаруаларға 241 миллиард теңгенің 40 мыңнан астам займы берілген. 

Форум аясында «Кредиттік серіктестіктердің даму стратегиясы: қаржы институты ретінде кредиттік кооперацияның болашағы», сондай-ақ кредиттік серіктестіктер үшін сервистер мен қызметтер жайы талқыланды. Несиелік серіктестік өкілдері әсіресе Ресей және Литвадағы кредиттік кооперация институттарының даму тәжірибесіне қызығушылық танытты.    

Форум аясында «АӨК кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Литваның кредиттік одақтар қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Яғни, көрші елдердің кооперативтік бауырластығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асып отыр. Форум соңында үздік кредиттік серіктестік өкілдері арнайы дипломдармен марапатталды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі