Шымкентте TURKSOY ұйымына мүше елдер фотосуретшілерінің көрмесі өтті
Бүгін Шымкентте «Түркістан – Түркі әлемінің мәдениастанасы» жобасының аясында TURKSOY ұйымына мүше елдер фотосуретшілерінің көрмесі өтті.
Көрмеге Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейдің Башқұртстан, Татарстан, Қазақстанның Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кәсіби және халықаралық дәрежедегі он бес фотосуретшінің 100 үздік туындысы қойылды. Фотоөнер шеберлері бұған дейін Түркістан, Кентау қалалары, Отырар, Сайрам, Шардара, Қазығұрт, Төлеби, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас аудандарындағы тарихи орындар мен демалыс орындарымен танысып, суретке түсірген болатын.
Шараның ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, фотосуретшілерді марапаттады.
«Міне, бүгін үздік фотоөнер туындыларынан жасақталған көрмеге жиналып отырмыз. Алдағы уақытта осы туындылардың фотоальбомы шығарылып, халыққа кеңінен насихатталатын болады. Жалпы фотоөнер дегеніміз — фотосуретті негізгі ойды білдіру құралы ретінде қолданатын өнердің ерекше түрі. Қоғам шындығын тарихта қалдыратын фотосуретшілер. Сонымен қатар, фотоөнер – журналистиканың ұшқыр саласы. Ол – қасқағым сәттің шежіресі», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Көрменің негізгі мақсаты — Тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени мұраларын, сәулеттік ескерткіштерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, облысымыздың тарихи орындары мен әсем табиғатын фотосурет арқылы насихаттау болып табылады.
Шара барысында TURKSOY халықаралық ұйымының өкілі Шахноза Бурханидинова сөз сөйлеп, биылғы іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне ришалығын білдірді.
«Сіздерге алғасымыз шексіз. Оңтүстік Қазақстан облысы негізі бір, тілегі ортақ, түркі жұртының халықтар арасындағы достық байланыстарын орнатуға, нығайтуға сүбелі үлес қостыңыздар. Сондай-ақ, бүгінгі іс-шараға қатысып отырған фотосуретшілерге шығармашылық табыс тілеймін»,- деді Шахноза Бурханидинова.
Айта кетейік, бұған дейін түркі әлемінің «Наурыз» халықаралық ақындар айтысы, «Бұраң бел» би, «Күлкі жәрмеңкесі» фестивалдері ұйымдастырылған болатын. Аталған іс-шаралар Халықаралық театр фестивалі және XIV-ші ТҮРКСОЙ фотосуретшілерінің кездесуімен жалғасын тапты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Самат Мырзалиев
Суретті түсірген: Самат Мырзалиев