Шымкенттік дінтанушы жұмыссыз қалды
КТК арнасы: «Порновидео кейіпкері деген айыпталумен аты шыққан Нұржан Тұрсынбай ақыры жұмыссыз қалды»,— деп хабарлайды.
Былтыр жаздың басында өз еркімен жұмыстан кеткен дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры қараша айында ғана сот арқылы осы қызметіне қайта келген болатын. Алайда алдында 5 жылдай бірге істеген ұжымы бұған үзілді-кесілді қарсылық танытқан еді. Ұжымның қарсылық танытуына Нұржан Тұрсынбайдың өзі басқарып отырған мекемеде кадрлық бизнеспен айналысып, өз қызметкерлерімен қит етсе соттаса беруі себеп болған.
Ол аз дегендей былтыр мамыр айының соңында оған ұқсас азаматтың жыныстық қатынасқа түсіп жатқан видеосы әлеуметтік желілерге тарап, түрлі әңгіме желдей ескен болатын. Абыройы азайған мекеме отырған ғимараттың қожайындары да дінтанушыларды басшысымен бірге кеңселеріне кіргізбей қойып, әуреге салды. Дін басқармасындағылар да жаман аты шыға берген дінтанушыдан құтылғысы келді ме, әйтеуір, қаңтар айының басында Нұржан Тұрсынбайға қатысты сотқа азаматтық шағым түсірген еді. Арада екі апта өтпей жатып, апелляциялық сот Нұржан Тұрсынбайды жұмысына лайықты емес деп тапты.