Шынайы тілеген дұға…
Дұға – араб сөзі, тілдік және ұғымдық мағынасы – Алладан тілек тілеу, жәрдем сұрау дегенді білдіреді. Алла тағала Құран Кәрімде: «(Мұхаммед!) (с.ғ.с.) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап берем. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» («Бақара» сүресі, 186-аят) делінеді.
Мұсылман адамның да әр басқан қадамын, жасаған ісін дұғасыз бастамайтыны бар. «Бисмилляхир Рахманир Рахим» сөзі – дұғалардың бастауы. Олай болса, өмірде шынайы тілеген дұғалардың қабыл болып жататын мысалдары да осыған айқын дәлел бола алады. Төменде осы дұғаның қабыл болуы жайлы сыр шертіледі.
Айтыскер ақын Арман Бердалинді осы өңірде білмейтін жан жоқ. Суырып салмалығы өз алдына, оның тақуалық қыры да есімін еңселендіре түседі. Мұсылманның жанашыры болып, өзінің имани жырларымен жұртты асыл дініміздің жауһар сырларына қанықтырып жүргені жаныңа жылылық сәулесін шашқандай әсер қалдырады.
Боқан Асқарұлы деген бір мұсылман бауырымыздың да тақуалық өмірі біздердің бастарымызды тоқайластырғандай еді. Оның ұлы атасы Доштай қажы кезінде елді көтеріп, патша саясатына қарсы тұрады. Біржан еліндегі ұлт-азаттық көтерілістің көсемі ретінде есімі елдің есінде қалады.
Биыл осы қажы атамыз жайлы деректі кітап шығып, шөбересі той өтетін еңселі бір сарайда тұсаукесер өткізген еді. Бұған қаншама игі жақсылар қатысып, ақ тілектерін ақтарды. Арман ақын да жүрегінен жарып шыққан тілек сөздерін жайып салды.
Сосын бір шариғи әңгімені майызын тамыза айтып берді. Бұл пәкістандық бір дәрігер жайлы өрбіді. Қазіргі заманда болған оқиға екен. Есімі мұсылман әлемін былай қойып, шетелдіктерге де етене таныс екенін тілге тиек етті.
Бірде ол үлкен марапатқа ие болып, сол сыйлықтың тапсырылу салтанатына қатысу үшін жолға шығады. Әуе лайнеріне отырысымен аспанды қара бұлт торлап, найзағай да ойнай жөнеледі. Алып ұшақ табиғаттың бұл тылсым жайына еш тосылмастан аспанға көтеріледі.
Міне қызық, найзағайдың соншалықты қаттылығы жаңағы ұшақты алысқа ұзартпады. Амалсыз жерге қонуға тура келеді. Дәрігер ашуға булығып, өзінің аталған шараға кешігіп қалатынын айтып, әуежай басындағылардың екі аяғын бір етікке тығады.
Жаратылыстың бұл алапат қатеріне кім қарсы тұра алсын. Әуежайдағылар дәрігерге басу айтып, сабырға шақырады. Өзінің ашуға жықтырған ісінен ештеңе шықпасын түсінгесін, ол баратын жеріне көлікпен бірер сағатта жетуге болатынын біледі. Осылай көлік жалдап жолға шығады.
Әуежайдан біраз ұзағасын дүние астан-кестен болып кеткендей күйге түседі. Селдеп жауған жаңбыр көлікті де бір елді мекеннің жанында қаңтартуға себепші болған еді. Қауқарсыздық дәрігердің жанын жегідей жеді. Мұндай да болады екен. Ғылыми-техникалық прогрестің қарыштап дамыған шағында діттеген жеріне не ұшақпен, не көлікпен жете алмады дегенге адам сене алмас еді.
Ақыры дәрменсіз дәрігер суық өтіп кетіп, жаурағасын әлгі елді мекеннің шетін ала орналасқан бір қарапайым үйдің есігін қағады. Қарт ана есікті ашты. Сосын жолаушылардың суға малшынған түрлерін көріп, ішке енгізді. Ыстық шәйін ауыздарына тосып, оларды құдайы қонақтай құрақ ұшып күткен еді.
Дәрігердің көзі төсекке таңылған жас балаға түсті. Қарт анадан оның жайын сұрады. Әбден жүдеген жас баланың науқасы ауыр екенін бірден ұғынды. Сосын:
–Мына баланы неге ауруханаға апармайсыз? –деді ол.
–Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Немеремнің дерті өте дендеп кеткен екен. Дәрігерлердің өзі ем қондыра алмай, үйге қайтарды, –деп мұңайды қарт әже. –Әттең, қолым қысқа, әке-шешесі тірі болса, бұлай төсекке таңылмас па еді. Екеуі де жол апатынан қайтыс болды. Жасарымды жасап, асарымды асаған шағымда немеремнің қиналғаны жаныма қатты батып тұр…
Осылай үй ішін сәл үнсіздік басты. Дәрігерлердің шамасы келмегеніне қарағанда науқасы өте ауыр болып тұр ғой. Бәрі Алланың қалауымен болады емес пе. Жаратушының құшағы кең, мейірі де ұшан-теңіз. Қалауы түсіп, бұл дәрменсіз пендесіне қол ұшын берер, бәлкім.
Бұл бейтаныс жолаушының ішкі жан-дүниесін әрі-сәрі күйге түсірген сан ойлардың бірі еді. Үнсіздікті намазын оқып болған қарт ананың сөзі бұзды.
–Балам, – деді. Сосын: «Мына немеремді жаза алатын осы елде бір білікті дәрігер бар екен. Бірақ, ондай атағы шыққан дәрігерді іздеп барсам деп те талай талпындым. Біз сияқты ешкімі жоқ мүсәпірді қабылдай қоя ма, жоқ па? «Үмітсіз – шайтан» деген. Сонда да әр намазымда Ұлы Жаратушыдан дұға тілеумен боламын» деді ол.
Дәрігердің көз алды мұнарланып кетті. Өзінен-өзі ағыл-тегіл жылады-ай келіп. Аллаға жалбарынды, кешірім сұрады. «Менің мінген ұшағымды ұшырмай, көлігімді жүргізбей, сергелдеңге салғаныңның сырын енді түсіндім» деді ол өзінен-өзі күбірлеп.
Қарт анаға жүзін бұрып, жаңағы айтқан дәрігеріңіз мен боламын деді де, бастан өткерген оқиғасын айтып берді. Қарт ананың дұғасын қабыл ету үшін Алла Тағаланың жасаған қаракеті еді, бұл.
Арманның әңгімесі осымен аяқталды. Бірақ, өз басына кешкен осыған ұқсас оқиға жайлы әңгімесін жалғады ол.
…Боқан Асқарұлы өз атасының атын жаңғыртқан кітаптың тұсаукесеріне Арман ақынды да ерте бастан шақырып қойған еді. Жақындаған сайын Арманның да жиі мазасын алумен болды. Бірақ, тұсаукесер рәсімге бірер күн қалғанда Арман Бердалин іс сапармен Ақтөбеге жол жүрмекші еді. Осылай ол Көкшетаудың әуежайына келеді. Ұшатын ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылады. Сөйтіп, келесі күні ұшатыны хабарланады. Арман ертеңінде тағы әуежайда ұшақтың ұшуын сарыла тосты. Ақыры Ақтөбеде әуежай жолы бірнеше сантиметр мұзға құрсанғаны хабарланып, ұшақтың бірнеше күнге ұшпайтыны жолаушылар құзырына жеткізілді.
Дәл осы сәтте Арманның ұялы телефоны шыр ете қалады. Арғы жақтан баяғы Боқан Асқарұлы хабарласып тұр. Сосын Арманға өзінің тұсаукесер тойына сапарға бара алмаса, ұмытпай келгенін қалап, тағы бұйымтай жасайды.
–Аға, менің Ақтөбеге ұшқанымды қаламай, өз тойыңызда болсын деп дұға тілеген шығарсыз? – деді Арман ұялы телефонынан.
–Арман, мен шынымен сенің осы тойда болғаныңды тілеп, тілек тілеген едім, –деді Боқан Асқарұлы.
…Бұл әңгімені естіген жұрт таңқалды. Шыны керек, біреулердің көңілдері босады, көздеріне жас та алды. Жаратушының осыншалықты құдіретіне қалай қайран қалмассың!..
Бақыт Смағұл,
журналист