Шындығы қайсы, жалғаны ше?

Құралай Есқұлова

Көптен ойымды бөлген экрандағы «Құнанбай» фильмі еді. Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбайдың ел арасындағы болжам сөзге еріп, иманның фатуасымен жазықсыз Қодар мен келіні Қамқаны дарға асып (түйеге таңып) өлтіртіп, 40 рудың кесек атып жазалайтыны жазылған еді. Алайда кинода тек қана Құнанбайдың образын ақтап, өлімге кесілген жаза дұрыс деген идея бар екен. 13 жастағы Абайдың қалыптасуына ойда жоқта осы сұмдық оқиғаның куәсі болып, жас-жаны түршігетіні бар емес пе? «Абай Құлабестінің басын Көлқайнар жаққа бұра бере, қамшы басты. Көз жасын көрсетпегісі келді. Ұзап кетіп бара жатып, өз-өзіне ерік беріп өксіп-өксіп, келе жатты» (1 том) 42 бет «Абай жолы» романы. Абаймен бірге еңіреп жылағым келеді.  Әке деп жамандыққа қимау бар да және сол әкеден шошып, үрку бар еді. Хош, сонымен бала Абай сүле ауру болып, төсек тартып жатқанда (Байкөкше былтыр жайлауда 3 күндей Қозы Көрпешті жырлап берген) Барлас ақын келеді. Осы жолы Абай әрі өзі ысылып, әрі шешесі арқылы салмақ салып, екі ақынның жырымен дертінен айыққан еді. Қазақ мектебінің әдебиет оқулығында осы үзінді берілген болатын. Мұны бірнеше ұрпақтың санасына сіңірдік. Бірнеше жыл оқушылар ақынның ауру себебін, жан азабының себебін түсініп ой түйген болатын. Аяқ астынан қасіретті расқа айналуына, экранға шығарғаны қалай? Жауыздық, жазықсыз жанды жаламен өлтіру әлі де жалғасып, насихатталып келе жатқаны қалай? Түсініксіз жайлар, қарама-қайшылықтарға толы осы киноны көрген жас «жауыздық, мейірімсіздік» бар екен-ау деген ой түймей ме? Эпопеядағы шындықпен өскен, оны мойындаған ұрпақ еді, енді келіп келешегіміз басқа бағытқа аунап кеткені қалай? Сұрақтар көп.

— Неге кәзір жастарды кінәлап, әрқалай пікір айтылады? Біздің өткен тарихымызда да жазықсыздан жазалау, қатыгездік бар екен-ау деп ойламасына кім кепіл?
— Ойбай, оқушыларым, анау Құнанбайдың болжамы дұрыс екен, жазушы жаңылысыпты, кешіріңдер! Мен де жалғандыққа сендерді сендіріппін деуім керек пе? Жамандықты қазып, жақсылығымызды жасырғаннан не ұтамыз? Егеменді ел болып Әлемнің Әуезовының ғаламат туындысына сәуегейлік жасап өзгертуге бола ма? Шындығына келсек, ұлы дүниелер бір-ақ рет дүниеге келеді. «Абай жолы» мәңгі сол қалпында өзгеріссіз жасай беретін асыл дүние. Санамызға сіңген дүниені өзгертіп, басқаша көрсетуге кімнің қақысы бар еді. Асығыстық жасамаған жөн. Шындығы қайсы, жалғаны ше?
Сіздер қалай ойлайсыздар?