ШЫНДЫҚТЫҢ КӨЗІНЕ ТУРА ҚАРАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Үнемі ел мен жер десе елеңдеп тұратын, ұлттық рухты оятатын мәселеге аттандап шығатын, тіл мен дінге де білек сыбанып қойып кететін бір депутат болса ол — сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы. Кешегі Қарағандыда болған қанды оқиға кезінде де өр мінезділік танытып, әлеуметтік желі арқылы халықпен бірге екенін білдіруінің өзі — нағыз азаматтық ұстанымға беріктігі.

 

14 ақпан күні Сенаттың жалпы отырысында қоғамды селт еткізген көпбалалы аналардың талап-тілегі негізінде жазылған депутаттық сауалын ешкімді де бей-жай қалдырмайды деген ниетпен оқырманға ұсынып отырмыз!
«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі соңғы апталардағы жұртшылықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналды. Айтылып жатқан ұсыныстар мен талаптардың негізі тұрғын үй алуға жеңілдік, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдерді көбейту және басқа да жеңілдіктер (коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, білім, қоғамдық көлікте жүру т.б.) төңірегінде болды.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Үкіметтің жанынан «Халықтың табысын арттыру және тұрмысын жақсарту бағытында ұсыныстар әзірлеу» жөнінде жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобы аясында еліміздегі барлық облыс, қала, аудандардың құрамында құзырлы мекемелердің өкілдерінен тұратын жұмысшы топтар құрылып жұмыс жасауда. Осы барлық жұмыс топтары қала, аудан аумағында орналасқан барлық тұрғын үйлерге, аула аралық аралау жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың тұрмыс жағдайын жан-жақты сараптап зерделеу керек.
Жалпы ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері болып табылады. Сонымен бірге 85 мың мүгедек балалар, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғыз басты аналар, 68 мыңнан астам балалары бар жалғыз басты әкелер бар. Анығына келгенде біздің қоғамымыздағы тұрмыстары төмен ең әл-жуаз топтардың санаттары осылар.
Мемлекет басшысы халықтың табысын көтеруге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуына үнемі басты назар аударып келеді. Оған дәлел 2019 жылы еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 3.043,4 млрд. теңге, яғни барлық бюджеттің 28,4 пайызы бөлінді. Ал тек әлеуметтік төлемдерге 2.884,4 млрд. қарастырылды. Бұл өткен 2018 жылмен салыстырғанда 372,2 млрд. көп. Алайда осы қаржыларды қазіргі қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік жағдайға байланысты тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларына ауыл, аудан, облыс көлемінде есептеу мен бөлуде әлі де болса кемшін тұстары бар деп санаймыз. Біз адам дамуының ұлттық стандарттық индексін қайта қарауымыз керек. Осыны анықтап алғаннан кейін еліміздегі кедейлік деңгейінің нақты көрінісі шығады. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еліміздегі кедейліктің шегі 3 пайыз деген мәліметі қазіргі шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені біздегі ең төменгі күнкөріс шегі күніне 881 теңге кіріс кіретіндер болып саналса, БҰҰ-ның стандарттары бойынша ең төменгі күнкөріс шегінің көлемі 5 доллар, яғни 1875 теңге болып есептелінеді.
Сондықтан да, Үкімет біріншіден, ең төменгі күнкөріс шегінің көлемін қазіргі шынайы тұрмысқа, өмір сапасына бейімдеп қайта есептеп шығуы керек.
Екіншіден, «Алтын алқа, Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір т.б.) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың, әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмілеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының көлемінде жәрдем ақы төлеудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет.
Үшіншіден, көптеген дамыған елдерде бар көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Отбасында бала саны көбейген сайын салықты азайту, пәтер ақы төлем ақысын төмендету, кейбір азық-түлікті тегін алуға арнайы талондар беру, мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі сияқты жеңілдіктерді енгізудің тетіктерін жетілдіру қажет. Қазіргі кезде тек көп отбасылардың банктен алған несиелерін мемлекет тарапынан ішінара болса жабу тетіктерін қарастыруды ұсынамыз.
Төртіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдем ақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз.
Бесіншіден, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың Үкіметтің тұрғын үйімен қамтамасыз етуге бағытталған сан алуан бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінің жоқ болуына байланысты көпшілігі тұруға өте қолайсыз-тар, жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да олардың үй кезектілігін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қол жетімді алдын ала жарнапұл төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен бірге, тұрғын үй салуға ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра отырып, тұрғын үй салатын кәсіпкерлік субъектілерге салық кодексіне сәйкес салық жеңілдіктері мен мемлекеттік наградалармен ынталандыру тетіктерін жетілдіру қажет».

Нағашыбай Қабылбек