Шыңғыс Мұқан: білім саласындағы жемқорлық болашағымызға балта шабады
Шымкент әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалада білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою жұмыстары жайында айтып берді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Білім саласына тоқталайын. Себебі білім саласында сыбайлас жемқорлықтың болуы жалпы болашағымызға балта шабу деп есептеймін. Білім – ол кіршіксіз таза, болашағымызды жасайды. Сондықтан білім саласында сыбайлас жемқорлықтың болуының өзі қисынсыз . Онымен қалай күресеміз? Қазір Шымкент қаласында 800-ге тарта білім беру ұйымы бар. Әрқайсысының өзінің басшылығы бар, оларға мемлекет қаржысы бөлінеді. Бұл тұрғыда сыбайлас жемқорлық тәуекелі көп. Әсіресе, мұғалімдерді, техникалық әрі әкімшілік қызметкерлерін мектепке тағайындағанда көрініс береді екен. Осы мәселе Шымкентте қалай шешіліп жатыр? Шымкент қаласының әкімі бұл мәселеге жіті көңіл бөліп отыр. Қазір арнайы порталға (www.hr-process.kz/1 ) тапсырыс берілген. Кез келген білім беру ұйымы, яғни мектеп бір мұғалімді алатын болса, оның тиісті талаптары ескерілген», – деді Ш. Мұқан Фейсбуктегі Antikor.live алаңында өткен брифингте.
Осы орайда ол балл көрсеткіші жоғары мұғалімдер жұмысқа қабылданатынын айтты.
«Директорға «мені жұмысқа ал» деп ақша ұсынса да, оны жұмысқа ала алмайды. Себебі кез келген бос орын сол порталға орналастырылады. Порталға қызметке тұрам дейтін үміткерлер өтініштерін енгізеді, түрлі критерийлер бойынша балл берілген. Портал, ақпараттық технология 75 пайызға дейін қай мұғалімнің қандай әлеуеті бар екенін анықтап береді. Тек қана 25 пайызын мектепте құрылған комиссия шешеді. Сондықтан көрсеткіштері жоғары мұғалімді мектеп директоры алуға міндетті болып қалады. Сонымен қатар, мектептің директорларын тағайындау Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелген, жеті деңгейден тұрады», – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары.
«Дегенмен қаншалықты мықты жүйе жасалғанымен, қаншалықты барлығын ақпараттық бағдарламаларға енгізгенімен, сол басшы өзінің ар-ұятының алдында адал болмаса, бәрібір заңнама талаптары бұзылуы мүмкін. Біздің мақсатымыз – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін цифрландыру арқылы ғана емес, сонымен қатар басшылармен тікелей жұмыс істеу аясында алдын алу. Қазір кез келген білім саласындағы басшы дұрыс түсінуі тиіс. Егер адал әрі әділ білім үшін жұмыс істейтін болса, біз мықты Қазақстанның болашағын қалыптастыра алмақпыз. Балаларымыз дамыған елде тұрсын десек, білімге адал қызмет етуіміз керек. Сондықтан бұл жерде адамның ар-ұяты, сана мәселесі де үлкен мәнге ие», – деді Шыңғыс Мұқан.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді.