Шыңғысханның төр мен босағаны сынауы
Шыңғысхан бір күні Ұлысбасыларын, билер мен бекзадаларын, халқын Ордасына жинап былай депті:
— Уа игі жақсылар, менен күшті, құдретті, ақылды жер бетінде адам бар ма?! Уәзірлерінің ішінен біреуі жүгіріп келіп аяғына жығылып,
— Уа Қаған сізден асамын дейтін пенде болса, осы қазір басын алып келемін — депті.
Шыңғысхан айналасына көз жіберіп:
— Тағы кім бар мынаның сөзін шындық және шыңның басында жалғыз мен екеніме куә болатын – дегенде, жеті уәзірі келіп әлгі жағымпаздың қатарына тұрыпты.
Ал отыз «Себет» — ноқталы биі тапжылмай орнында тұрып қалыпты. Қаған орнынан тұрып, өзіне жағымпазданып, түлкідей бұлаңдап басын иіп тұрған сегіз уәзірінің әрқайсысына бір-бірден үш айлық сәбиден ұстатып:
— Қане, енді мынау қолдарыңдағы жылап тұрған сәбилердің көңілін тауып, күлетіндей жағдай жасаңдар – депті. Сегіз уәзір Қағанның өздерін сынап тұрғанын білгесін, еңіреп тұрып:
— Уа Қаған, бұл ұсынысыңыз ба, пәрменіңіз бе? Бұл жағдай біздің де, Сіздің де қолыңыздан келмейді, тек қана әрбір сәбидің анасының ғана қолынан келеді — деп, олардың боздаған дауыстарымен жылаған сәбилердің үндері қосылып Орданың ішін азан-қазан айқайға толтырады.
Қаған уәзірлердің қолындағы сәбилерді аналарына тапсыруға, ал уәзірлердің қол-аяғына кісен салуға бұйырып, сыртқа халық алдына шығып, әрбір анаға он жылға жетерлік нәпақа бөлдіруге пәрмен беріп, ел алғысына бөленіп Ордасына қайта кіріп кісендеулі тұрған сегіз уәзіріне былай дейді:
— Сендер маған адал қызмет жасадыңдар, сондықтанда Сендердің бұдан былай арамдыққа ұрынбауларың үшін менде, Көк Тәңіріде қолдайды, ал мененде зор, күшті, құдіретті, ақылды, ол әрбір туылған сәби екен, оған көздерің жетті.
Әрбір жарық дүниенің есігін ашып келген сәбиге анасының ғана үкімі, пәрмені жүреді. Менің соңғы Сендерге өтінішім осылай, О дүниеге де осыны айта барыңдар – деп, сегізінде өлім жазасына кеседі.
Ал, қалған уәзірлеріне осы күннен бастап әрбір туған анаға барлық жағдайды жасауларын және құдай қосқан қосақтарына әрбір наурыз айының «он жетісі» күні қалаған ең жақсы көретін затын, асын т.б. таңдауларын әперуді және Патшаның қазынасы көтеретіндей жағдайда әрбір әйел затына сый тарту-таралғы көрсету үшін «Жарғұп таңбаға» «Зақат Зақан» деп жаздырып, дүниенің Төрт тарапындағы елдерге ат шаптырғанда әр елден «Зақат Зақан» деген үшбу хатнаманы ұстап әйел заты ағылады.
Содан Тараз шаһарының айналасында екі жүз жиырма бір күн той-думан болыпты. Бұл той тоқтамас па еді Шыңғысханнан пәрмен келмегенде, себебі Қаған әйел затына шен беріп, саяси ел жағдайына араласуға жағдай жасамақшы деген сөз ел арасына тарағанда, әйел қауымы бір-бірінен асып түсу үшін неше түрлі айла-тәсілге көше бастайды.
Қаған осы жағдайды тағы біліп, осы жолда белсенділік көрсеткен 500 әйелді жинап алып:
— Қане, араларыңнан кімді басшы сайлар едіңдер – деп билікті өздеріне бергенде, ешкім шыға қоймапты. Қаған атқа мініп әйел қауымының арасынан өтеді. Әрбір әйелдің көзінен от шашқан қызғанышты байқайды. Қаған аттан түсіп Көк байрақты тағына отырып былай дейді:
— Айша бибі Зақат Айкерүлім Әз Анамыз айтқан екен, «Ераяқ жау келгенде қадірлі, итаяқ жалағанда қадірлі, Ераяқты итаяққа теңеген әйел жер қауып, көмусіз қалсын» — депті.
Мен Сендерге екі жүз жиырма бір күн еркіндік бердім, ал Сендер 3 мың әйел затын өлтіріпсіңдер, бұл Сендердің қамшы ұшында, қазанның құлағындағы қылықтарының тамшысы ғана.
— Мен ешқашанда әйел баласына билік бермеймін.
— Ұлы Қазақ Қаһаннан тараған тектілердің өсиеті бар. Қызды анасындай сыйлаған, бірақ қатынға қалпақ кигізбеген халықпыз! Менің бұл екінші сынауым Сендерді. О дүниеге осыны айта барыңдар – деп осы 500 жүз әйел қауымын «Ыстық көлге» батырып өлтіреді.
Ұлы Керегеней Сабулай ұлы Шыңғыс Қаған осылай деп шаңырақтың төрі мен босағасын сынақтан ел көзінше өткізіп аты әлемге «паш» болады.
Екі жүз жиырма бір күндік тойда әйелдерге басшылық жасаған Шыңғысханның қарындасы «Уәстік» есімді қарындасы да 500 әйелмен бірге суға батырылып өлтіріледі.
Тұран елінде екі киелі көл болған. Кіші марқа көл, Ұлы марқа көл.
Уәстік — батып өлген Ұлы Марқа көл, осы уақиғадан соң «Ыстық көл» атанып кетеді.
Киелі де, қасиетті «Бестаңба» кітабының, «Ғасыр табақ насиятына» осылай деп жазған Ашамайлы Керей Тоқсаба батыр екен.
Осы оқиғаға Тоқсаба батыр бастан аяқ қатысады. Осы оқиғаға себепкер, әйелдерді бастап жүрген Шыңғысханның атасы бөлек қарындасы «Уәстік» — Баһашүр» болған.
Паш — деп, наурыз айының он жетінші жұлдызын айтады. Осы күні Наурыз торғай шықылықтап келіп, көктем хабарын жеткізеді. Халық Наурыз торғай келді — деп шулағаны сол дүниеден озған аналар, өз қателіктерін жер бетінде қайталанбаса екен – деп хабар береді деп Алиасқар Байғұтұлы Наурыз мейрамында айтып отырады екен.
1976 жыл. Наурыздың 17 – ші жұлдызы.
Ескі сөздерге түсіндірме:
«Себет» — кеңес, яғни отыз «Себет» — деп, отыз уәзірден тұратын жоғарғы алқа кеңесті айтқан.
«Уәзір» — қазіргі заманғы министрлер дәрежесіндегі шен.
«Ноқталы би» — қазіргі заманғы өкімет басшысы дәрежесіне тең шен.
«Зақат Зақан» — заң, үкім, жарлық, жоғарғы биліктің бұлжытпай орындалуға тиісті пәрмен, өкімі.
Бестаңба», «Ғасыр табақ насияты» кітаптары, жер, су үсті, асты қазба байлықтары туралы және аспан әлемінің, жұлдыздар мен планеталардың қоршаған ортаға тигізер әсерлері жайлы, мыңдаған жылдар бойғы халқымыздың тарихы мен өсиет, насияттары жазылған құпия кітаптар.
Түпнұсқасы теріге жазылып, барлық ұзақ сақтау шаралары асқан ыждағаттылықпен жасалып, болашақта келетін халқымыздың «Алтын Ғасыр» заманында табылады деген Ұлы Бабалардан насияттар қалған. Араб харпімен жазылған, Шағатай тілінде жазылған ішінара көшірмелері кешегі 20 – шы ғасырдың зобалаңдарында жойылып, кейбірі қолды болған.
Жарғұп таңба» — заңдар жинағы.
«Ыстық көл» – қазіргі қырғыз жеріндегі тұздылығы әлсіз теңіз суына парапар, бірақ көз жасындай мөлдір, кермек, әрі шипалы, астынан жылу табы білініп тұратын нағыз марқа көл. Үлкен демалыс аймағы.
Ілесбек Байжанов.
Айдос Жұқанұлы парақшасынан.