ШЫНЫҒУ — КЕМЕЛДЕНУ КІЛТІ
Өйткені, шыныққан адамның дені сау, рухы биік болады. Оның қиындыққа төзетін қасиетінен бұрын жеңіске деген құлшынысы, өмірде жол табатын қабілеті көрініп тұрады. Өткен замандарда ата-бабаларымыз ұрпағының қамын ойлап: “Мүмкіндігің болса перзентіңе мергендік пен шабандоз болуды үйрет” деп бекер аманат қалдырмаса керек-ті. Өнегелі өсиетке адалдық танытуды, ұдайы жаттығуды, ұлттық спортымызды дамытуды ортақ парызымыз деп білеміз.
Айталық, халқымыз
дүниеге келген сәбидің таза ауада көбірек болуына мән беріп, кішкентайынан асық атуға, тоғызқұмалаққа, құсбегілікке үйреткен, жастайынан атқа мінуге, жекпе-жекке, садақ тартуға т.б. баулыған.
Сондай-ақ, ұлттық спортымыз мәдениетімізбен, дәстүрімізбен біте қайнасқан. Оның кез келген түрінің өн бойында ойлау, еңбектену, яғни іс-қимыл жасау, дене шынықтыру белгілерінің болуы да тегін емес. Өйткені, ұрпағы сау ел тозбайды. Осынау даналықты басшылыққа алған елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық спорт түрлеріне едәуір көңіл бөліне бастады. Әлбетте, ұмыт болғандарын қайта жандандыру оңай емес. Арнаулы құрал-жабдықтар, оқулықтар, жаттықтырушы мамандар, шеберлер жетіспейді. Сондықтан, тиісті ведомстволар, федерациялар, қауымдастықтар тарапынан оларды ғылыми жағынан терең зерттеп, жаппай насихаттау, материалдық базасын күшейту ісі әлі де біртұтас жүйеге түсіріп, жақсартуды талап етеді. Сонда төл спорт өнеріміз тек Наурыз мейрамы шеңберінде ғана шектелмей, күнделікті өмірде өрісін кеңейте түсетініі сөзсіз. Лайым, халқымыздың арман-тілектері орындала берсін!