ШЫҰ — әскери одаққа айнала ма?

Соңғы кездегі маңызды халықаралық саяси оқиғалардың бірі болып саналған Шаңхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті де өз мәресіне жетті. Ұйымның белді мүшелерінің бірі болып табылатын Қазақстан — 2001 жылдан бері қарай ШЫҰ-ның ықпалы мен беделінің артуына зор үлес қосып келе жатқан ел. Сондықтан да бұл ұйымның әр кезекті жиналыстары мен қабылданған маңызды шешімдері қазақ елін айналып өткен емес. Бұл жолғы саммитке қатысуға арнайы барған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевті Қытай төрағасы айрықша ықыласпен «жаңа формада» қарсы алды. Соңғы кезге дейін шетелдік маңызды меймандарды әуежайдан немесе Тянь Анмын алаңынан қарсы алатын дәстүрге төраға Си Цзиньпин таяуда ғана өзгеріс енгізген болатын. Халық құрылтайы сарайының шығыс есігі алдындағы алаңда құрмет қарауылы мен әскери оркестрдің сүйемелдеуімен қарсы алатын етіп өзгертілген жаңа дәстүр кезекті саммит қарсаңында жүзеге асырыла бастады. Елбасының Қытайдағы кездесулері мен қатынасқан маңызды шаралары, қол қойылған келісімдері туралы ақпарат құралдары қазірге дейін жұртты толық құлағдар еткендіктен, шағын мақалада ол тақырыптарға тоқталмаймыз.


Қытайлар Назарбаевты зор қошеметпен күтіп алды. 7-10 маусым аралығында Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары Нұрсұлтан Назарбаев туралы хабарларды толассыз беріп жатты. Елбасының жетекшілігімен ширек ғасыр аралығында қазақ елі жеткен жетістіктерді де қағыс қалдырған жоқ. Соңғы кездері Орталық Азия аймағына сырттан құйылып жатқан инвестициялардың басым бөлігінің Қазақстанға бағытталып жатқандығын, оның ішінде Қытайдың да қомақты үлесі бар екенін де «ескертіп» жатты. Бір ғажабы өздерінен басқа көп ешкімді мойындағысы келмейтін Қытай саясаткерлерінің Назарбаевқа келгенде емеуріндері өзгеріп сала беретіні бар. Қазақ-Қытай шекара мәселесіне шеберлікпен нүкте қойып шыққан Назарбаевқа, «есеміз кетті» деп бармағын тістейтін қытайлар, Елбасының Қазақстанда жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформаларын жоғары бағалайтындықтарын жасырмайды. Бір мемлекеттің ішінде отыздан аса «Орталық Азияны Зерттеу институттарын» іске қосып отырған Қытай, біздің әрбір қадамымызға дейін талдап отырады десек артық кетпейміз. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевты «Орта Азиядағы мықты Елбасы», «кәнігі саясаткер», «шебер стратег» ретінде бағалап келеді. Осы жолғы екі ел басшыларының кездесуі барысында да Қытай мен Қазақстан арасындағы ежелгі достықты онан ары нығайтып, ұлттың ұлы гүлденуін бірлікте жүзеге асыру мәселесі сөз болды. Си Цзиньпин мырза Қазақстанның Қытай үшін маңызды әріптес, тату көрші болып қана қоймай аймақтағы ықпалды мемлекет екендігін атап өтті. «5 жыл бұрын Астанаға жасаған сапарымда, Президент мырзаның серік болуымен Назарбаев университетінде лекция жасаған кезімде «Жібек жолы экономикалық белдеуі» стратегиясын тұңғыш рет ортаға қойған едім. 5 жылдан бері «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы да халықаралық қоғамның кең көлемде қолдауына ие болды. Сіздердің «Нұрлы жол» мен үндесіп жатқан осындай ортақ шешімдеріміз болашақта екі елдің ынтымақтастығын онан ары тереңдете түсетініне сенемін», — деді Си Цзиньпин. Кездесу соңында «ҚХР мен Қазақстан республикасының бірлескен мәлімдемесіне» қол қойылды.


Қытай елі кезекті ШЫҰ саммитін аса тиянақты етіп өткізуге бар күш-жігерін салды. Шетел медиаларында хабарланғанындай, Циндао қаласында қауіпсіздік шаралары мен экологияны жақсарту жұмыстары мамыр айында басталған. Тұтас қала әскери түске енгізіліп, сырттан келетін туристер мен жүк тасымалына дейін қатаң бақылау орнатқан екен. Қала қауіпсіздігін осылайша қамтамасыз еткен қытайлар, ұйымның өзге жұмыстарына да жан жақтылы дайындықты ертеден ойластырған сыңайлы. Ресми жиналыс бастала салып, «терроризмге бірігіп қарсы тұруды» ұран ететін ұйымның алдағы жұмыстары үшін, жалпы құны 4,7 млрд. АҚШ долларын мүше мемлекеттерге несие ретінде тарататындығын жария етті. Қытай баспасөзі өздері асабалық еткен кезекті саммиттің халықаралық маңызы мен күн санап артып келе жатқан ықпалын, Қытайдың халықарадағы абыройымен сабақтастыра отырып мақтана жазды. Әуелде шекаралық қауіпсіздік мәселесін арқау ете отырып құрылған ШЫҰ, соңғы кездері экономикалық салаларға көбірек көңіл аудара бастағанын айта кеткен жөн. Кезекті саммит ұйым қатарына Пәкістан мен Үндістанның ресми мүше ретінде қатысуымен есте қалды. Сөйтіп ұйымға мүше мемлекеттердің қатары сегізге жетті. Құрамы молығып келе жатқан ШЫҰ-ға мүше елдерде жер шарының тең жартысына жуық адамы өмір сүретіндігін ескерсек, ұйымның экономикалық қуатының да осал еместігін ескерген жөн. Жиналыста сөз сөйлеген Қытай төрағасы Си Цзиньпин ресми мүше елдер ретінде саммитке қатынасып отырған Пәкістан мен Үндістан елдерінің басшыларына алғысын білдірді. Ұйымға мүше мемлекеттердің ҚХР-да жүргізіліп жатқан түрлі реформалар мен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы, «Үш түрлі күштерге қарсы тұру» (терроризм, сепаратизм, экстремизм) сынды «ұлы күрестеріне» қолдау білдіріп келе жатқандығына ризашылығын айта келіп, аталмыш ұйымның алдағы қызметі мен болашақ бағдары туралы 5 түрлі ұсынысын жеткізді.


Осылайша «Шаңхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының XIIX кезекті саммит өз мәресіне жетті. Адамзатты алаңдатып отырған терроризм, сепаратизм, экстремизм сынды «ортақ жауларға» бірігіп қарсы тұру, өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау жөніндегі бастапқы келісімдерді қайтадан бір мәрте пысықтап алысып кезекті жиналыстың шымылдығын жапты.
Өз кезегінде Канадада өтіп жатқан “Үлкен жетілік” Саммитімен қарайлас уақытта өткізілген бұл жиналысты шетелдік сарапшылар «батыс елдері мен АҚШ-қа сес көрсету» деп те бағалаған екен. Англия парламенті жоғарғы палатасының депутаты, халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі Давид ШЫҰ-ның кезекті саммиті туралы мақала жариялапты. «Japan Times» басылымы аударып жариялаған мақалада Давид мырза, демократиясы мен экономикасы дамыған батыс елдерінің назарында, ШЫҰ, «түкке тұрғысыз» ұйым болып саналатындығын айтқан. Ондағы дәлелі, Еуроодақ, НАТО секілді тұрақты саяси және әскери күш ретінде қалыптаса алмаған әлсіз ұйымды бір орталықтан бақылап отырудың «арман» екендігі болса керек. Давид мырза осылай айта келіп, ШЫҰ-ға мүше елдердің ортақ мүддеге бірігуінің қиындығын да алға тартқан. Келесі бір пікір білдірушілер: «бұл ұйым келешекте, АҚШ-тың тынық мұхиттағы әскери ықпалына бірден бір тосқауыл болатын біріккен күшке айналуы мүмкін. Бұған әсіресе Қытайлар мүдделі. Қазірдің өзінде оңтүстік Қытай теңізі мәселесі, жаһанды алаңдатып отырған нәзік тақырыпқа айналды. Қытай бұл жағында Ресей, Үндістан сияқты елдермен бас біріктіре жүргенді тері көрмейді», — деп болжаған екен. Қытайлық саясаттанушы У Пи мырза ШЫҰ-ның құрлымы мен мақсаты туралы тоқтала келіп, «ШЫҰ, келешекте НАТО-мен бәсекелестікке бара алатын әскери одаққа айналып, Азия, Тынық мұхит аймағындағы маңызды ойыншыға айналуы мүмкін» деген болжамды теріске шығарыпты. Оның ойынша «ШЫҰ біріккен елдер өзара экономикалық байланыстарды нығайту арқылы әлем нарығына әсер ететін болады. Соңғы кездері санкциялардан көз ашпай келе жатқан Ресей үшін де бұл тиімді болмақ», — дейді. Экономикалық ынтымақтастықтар туралы ШЫҰ, шеңберінде ашық диалогтар мен қоғамдық талқылаулар өткізіліп жатқаны белгілі. Үндістан мен Пәкістан арасының салқындығы, Үндістан мен Қытайдың шекарадағы дау-дамайы секілді нәзік мәселелер аталмыш ұйымның мінберінде түбегейлі шешімін таппаса да, экономикалық тұрғыдан тиімді тұстарын өз кәдесіне жарату мәселесі, әрбір мемлекеттің ұстанымы екендігі даусыз. Қытай басшысы ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына барынша қолдаушылық танытқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Батыс Қытай — Батыс Еуропа тас жолы» құрлысына айрықша мән беріп, экономикалық үдерістерге жылдам сәйкесуге тырысып жатуы да көп адамға ой салса керек.

Ерқазы Сейтқали