ШЫҰ-ға төрағалық ету үлкен жауапкершілік жүктейді

О баста Қазақстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды алты мемлекет арасындағы саяси, қауіпсіздік, экономикалық байланыс орнатуға арналған ұйымның әлемдік аренадағы беделі арта бастады. Оған 24 маусым күні Өзбекстан астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (бұдан әрі — ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында көзіміз жетті. Расын айту керек, ШЫҰ аз уақытта әлемнің 45 пайыз халқы тұратын, дүниенің 20 пайыз экономикасын иемденген үлкен мемлекетке, ауыз толтырып айтар күшке айналды және Еуразияның территориясындағы үлкен аймаққа иелік етіп отыр. Бұл ұйымның құрылғанына биыл 15 жыл. Осы жылдар ішінде атқарған жұмыстары да сан-алуан. Көтерген мәселелері де сан түрлі. Мынаны баса айтуымыз керек, осы аталған жиынға Қазақстан Президенті арнайы шақыртумен барды. Бір кездері өзі іргетасын қалаған ұйымның қалтарыс-бұлтарысын, жетістігі мен кемшілігін Нұрсұлтан Назарбаевтан артық сараптай алатын басшы ол жерде кемде-кем.

Ташкенттегі саммитте Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰға мүше мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-көлік хабын құруды ұсынды. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ пен «Жібек жолын» байланыстыру арқылы қарым-қатынасты нығайтуды және еркін сауда аймағын құруды негізгі мәселе етіп көтерді. Бұған қоса ШЫҰ-ны терроризмге қарсы конвенция дайындауға шақырды.

shosЕуропалық одақ сияқты біртұтас болмаса да, әлемде өзіндік ықпалы бар тағы бір алып ұйым — ШЫҰ өз жақтастарының санын көбейтуде. Ташкентте өткен саммитте Үндістан мен Пәкстанды қатарға қосуға қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бұл екі қуатты ел келер жылы Астана саммитінде толыққанды мүшелікке өтеді деп күтілуде. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының президенті: «Енді ШЫҰ төрағасы Қазақстан болады. Ендігі жылы бізде жиналады. Ол кезде Иранды қабылдау мәселесін қараймыз», — деп атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Өзбекстанда өткен жиында уақыт тауып, Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Пәкстан президенті Мамнун Хусейнмен, Ауғанстан басшысы Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесіп, ел экономикасына қатысты келісімдер жасап үлгерді. Ол жайлы төменде әңгімелейтін боламыз.

Өзбекстан астанасында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы шағын құрамда басталды. Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, мемлекет басшылары ШЫҰ аясында көпжақты және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылап, өзекті өңірлік және халықаралық проблемалар жайында пікір алмасты. Кездесудің негізгі қорытынды құжаты ШЫҰ-ның 15 жылдығының мерейтойлық декларациясы болмақ. Аталған құжатта соңғы 10 жылдағы ұйым қызметіне баға беріліп, ағымдағы халықаралық және өңірлік жағдайға қатысты ұстаным белгіленген. Мұнан бөлек, Президенттер 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын жүзеге асыру бойынша 2016-2020 жылдарға арналған ісқимыл жоспарын және ШЫҰ-ны дамытуға әрі ұйымға қатысушы елдердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзге де құжаттарды бекітуді сөз етті.

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМДІ БЕЙБІТШІЛ ИСЛАММЕН ШАТАСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Бұл кесімді сөзді Нұрсұлтан Әбішұлы жиын барысында нақтылап айтты. Қазақстан Президенті отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде мемлекет басшылары кеңесінің бүгінгі басқосуының ШЫҰ тарихындағы маңызды даталар тұрғысынан зор мәні бар екеніне ерекше көңіл аударды. Сонымен бірге барлық қатысушылар мен қонақтарды ШЫҰ-ның 15 жылдығымен құттықтап, ұйымның мерейтойлық саммиті жаһандық сын-қатерлер мен қауіптің көбейген кезінде өтіп жатқанына тоқталды.

granatomet— Біз ШЫҰ-ның халықаралық терроризмге бірлесе қарсы тұру туралы мәлімдемесін әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз. ШЫҰ-ның экстремизммен күрес жөніндегі конвенциясын әзірлеу және қабылдауды өзекті қадам деп білеміз. Діни экстремизмді бейбітшіл исламмен және басқа да діндермен шатастырмау қажет. Биылғы мамырда Қазақстан Нью-Йоркте БҰҰ аясында «Дін бейбітшілік үшін» деген тақырыптағы жоғары деңгейлі диалогқа бастамашылық жасап, Астанада «Дін терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өткізді, — деді Елбасы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2022 жылдарға арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы күрес стратегиясының және оның іс-қимыл бағдарламасының қабылдануына қолдау білдірді.

— ШЫҰ мен Орта Азиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының «Есірткіге бірлесе қарсы тұрамыз» атты бірлескен профилактикалық акциясын өткізуді ұсынамыз, — деді. Елбасы ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкстанның кіруі ұйым дамуының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенінің, оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі арта түскендігінің көрсеткіші екенін ерекше ілтипатпен атады.

— Болашақта ШЫҰ қатарына Иранның қабылдану ықтималдығы біздің өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріміздің аясын кеңейтеді. Елдердің жаңадан мүшелікке кіретінін ескерсек, ШЫҰ Еуразияның 60 пайыздан астам аумағын, жер шары тұрғындарының 45 пайызын, әлемдегі 19 пайыздан астам ішкі жалпы өнімді қамтиды. Бір жылдан аса уақыт бұрын ғана мен Бірыңғай Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастыру бастамасын көтерген едім. Мұндағы негізгі элемент — Еуразияның тораптық орталықтарын Жібек жолының тарихи бағдарларын қайта жаңғырту арқылы инфрақұрылымдық тұрғыдан тоғыстыру, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте бірқатар бағыттар бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыруды, оның ішінде ЕАЭО және Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белбеуі» жобасын ұштастыруды ұсынып:

— ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзиткөлік хабын құруды ұсынамын. Қазақстан өз тарапынан «Жібек жолының экономикалық белбеуін» үйлесімді түрде толықтыратын «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісті. Біз құрған «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін белсенді түрде пайдаланатын кез келді деп санаймыз. Ол тәуелсіз құқықтық жүйе мен жеңілдетілген салық режімі бар өңірлік қаржылықинвестициялық хаб болуға тиіс. Өңірдің макроэкономикалық дамуын жеделдету үшін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Сауда-экономикалық және қаржылық-инвестициялық ынтымақтастықты нығайту болашақта ШЫҰ аясында Еркін сауда аймағын құру үшін қажетті жағдай қалыптастырады, — деді. Сонымен қатар, отырысқа қатысушыларды Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ШЫҰ ынтымақтастығының тұжырымдамасы жобасын және іс-қимыл жоспарын әзірлеу бағытында күш-жігерді еселей түсуге шақырды. — ХХI ғасырдағы жаһандық тренд «жасыл» экономиканы дамыту болып отыр. Бұл саладағы ынтымақтастықты дамытуға келесі жылдың жазында Астанада «Болашақтың энергиясы» атауымен өтетін «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қуатты серпін беретін болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық қатысушылар мен саммит қонақтарын Астана қаласында өтетін «ЭКСПО — 2017» көрмесіне шақырамын, — деді Қазақстан Президенті.

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ БАСЫМДЫҒЫ БАР БАҒЫТТАРЫ

Мемлекет басшысы өңірлік және халықаралық мәселелерге тоқтала келіп, ШЫҰ-ның сыртқы шекарасы бойында шиеленіс ошақтары сақталып отырғанына қынжылысын білдіріп:

— Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде Ауғанстандағы тұрақтылықты қолдаудың зор маңызы бар. Кабулдың жалпыұлттық диалогты реттеу және саяси реформалар жүргізу жөніндегі шараларын құптаймыз. Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қатысушы ел ретінде КХДР-ның ядролық бағдарламасы жөніндегі алты тараптық келіссөзді жаңғыртуды жақтайды. Жалпы, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымына сайланған жағдайда, қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді түрде ілгерілетуге ниетті, — деді. Елбасы ШЫҰ-ға төрағалық ету сынды жоғары миссияны Қазақстанның зор жауапкершілікпен қабылдайтынын да атап өтіп:

тулар— Біз осы жылдары өзбек тарапы жүргізген орасан ауқымды жұмысты жалғастырып, ШЫҰ дамыту мен нығайту, сондай-ақ оның әлемдегі рөлі мен беделін арттыру ісіне өз үлесімізді қосу ниетіндеміз. Қазақстан төрағалығының басымдығы бар бағыттары — өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзит-көлік әлеуетін іске асыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды ілгерілету. Астанаға 2017 жылғы 8-9 маусымда өтетін ШЫҰға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті қорытынды іс-шара болады, — деді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Нұрсұлтан Наазарбаев Ташкентте өткен ШЫҰ аясында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты, оның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары екі елдің ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын қарастырып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар жайттар жөнінде пікір алмасты. Си Цзиньпин Қазақстанның Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Пәкстан Ислам Республикасының Президенті Мамнун Хусейнмен кездесті. Кездесу барысында тараптар қазіргі жағдай мен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық сала-лардағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады. Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысының Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесуі де өте жоғары деңгейде өтті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі мәселелерін, оның ішінде сауда-экономика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейту перспективаларын талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айындағы бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп:

— Сіздің Астанаға сапарыңыздың қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісімдер жасалды. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстан сіздің елге астық жеткізеді. Сонымен қатар, осы жылы Кабулда үкіметаралық комиссияның отырысы болады. Онда елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары қарастырылады, — деді. М.Ғани Нұрсұлтан Назарбаевты алда келе жатқан Ораза айт мерекесімен құттықтады.

ТҮЙІН: ШЫҰ — еуразиялық кеңістіктегі өте маңызды ұйым. Онда бірнеше жүзеге асыру пункттері бар. Біріншісі — осы кеңістіктегі қауіпсіздік, екіншісі — экономика, үшіншісі — гуманитарлық ынтымақтастық. Сонымен қатар, әрине, логистика экономикаға осы елдер арқылы шығады. ШЫҰ-ға мүше м е м л е к е т т е р б а с ш ы л а ры кеңесіне қатысар алдында Елбасы «Россия 24» телеарнасына сұхбат берген болатын. Сонда журналистің: «Білуімше, қазір сіз ШЫҰ кеңесіне қатысу үшін Ташкентке барасыз. Осы жылғы отырысқа 15 жыл толып отыр, жаңа ұйым үшін айтарлықтай салмақты уақыт. ШЫҰ әлеуетін қалай көресіз, ШЫҰ жұмысында Қазақстанның рөлі қандай?» — деген сауал қойды.

интервьюЕлбасымыздың: «15 жыл толып отырғандықтан, бұл — мерейлі мереке, барлығының бастамасын еске алатын тарихи сәт. Біз көп жылдар бойы келіссөздер жүргізіп, шекара туралы келісімдерге 2001 жылы Шанхайда кездесіп, қол қойдық… Егер Америка мен Тынық мұхиты ауданы еркін сауда аймағын құрса, транстынықтық ынтымақтастық жүзеге асатын болса, ортасында біз қалып отырмыз, сондықтан бұл жерде үшінші экономикалық қауымдастық ашылып отыр. Осы орайда әрі қарай даму Ташкентте талқыланады… Қазақстан үшін ШЫҰ — маңызды бастама, мұның жанынан қаржылық база, қор, банк құрылған. Және біздің «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламамыз шектесіп отыр. Барлық империялар өздерінің көліктік магистральдарын игергеннен кейін ұлы империяға айналды. Біз үшін ол ХХІ ғасырда да маңызды. Біз Қытайдан Каспий теңізіне дейін автомобиль және теміржол салып, Иран арқылы Парсы шығанағына шықтық және біз арқылы Ресей мен Еуропаға шығуға болады. Яғни байсалды бірлестік болып шықты. Біздің міндетіміз — ШЫҰ-н аморфты, қағазды, бюрократтық ұйымға айналдырмау», — деген жауабы ел болашағы үшін ШЫҰ-ның мән-маңызын айқындап тұрғандай.

ШЫҰ АЯСЫНДА БІРҚАТАР ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Атап айтқанда, алдымен ШЫҰ 15 жылдығының Ташкент декларациясы қабылданып, 2025 жылға дейін ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын жүзеге асыру бойынша 2016-2020 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекіту туралы, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Үндістан Республикасының міндеттемелері жөніндегі меморандумға қол қою туралы, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Пәкстан Ислам Республикасының міндеттемелері жөніндегі меморандумға қол қою туралы, 2015 жылдың шілдесі мен 2016 жылдың маусымы кезеңіндегі ШЫҰ қызметі туралы ұйым бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы, 2015 жылғы Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылым қызметі туралы ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізу мерзімі туралы ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің шешімдері, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Үндістан Республикасының міндеттемелері туралы меморандум, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Пәкстан Ислам Республикасының міндеттемелері туралы меморандум, Туризм саласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Мұнан бөлек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы туралы ақпараттық хабарлама қабылданды.

Нағашыбай Қабылбек