Сингапурлық «МЕЙНХАРД» компаниясы Ақтауға инвестиция салмақ

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Сингапурдан келген әлемге белгілі «Мейнхард» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірдің дамуына сеп болар әріптестікке қолдау білдірді.

«Мейнхард» — әлемнің алпауыт мемлекеттерінде қанатын кеңге жайып, экономика, әлеумет, мәдениет, спорт, білім салаларына екпінді үлес қосып, дүниенің түкпір-түкпірінде зәулім ғимараттар салған, ірі жобаларға дем берген инжинирингтік компания. Бүкіл әлемде компанияның 45 кеңсесі мен 4500 қызметкері жұмыс істейді. Ертеңгі күнге сеніммен көз тігіп, өркендеу жолына нықтап түскен Қазақстан елінің әлеуетіне қызығушылық білдірген олар енді біздің елде 46-шы кеңсесін ашқысы келеді. Бұл ниетін «Мейнхард» компаниясының басқарма төрағасы Шахзад Насим аймақ басшысына жеткізіп, кәсіпорынның тарихымен,дамуы және мүмкіндіктерімен таныстырып, жүзеге асырған жобалары – Сингапур, Лондон, Индия, Африка және тағы басқа әлем мемлекеттерінің сәніне айналған ең биік ғимараттар, әуежайлар, мейманхана мен сауда орындар кешендері, ескерткіштер, көпірлер, нысандарды презентация арқылы көрсетті.

— Маңғыстау — Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен модернизациясына елеулі үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Көмірсутек шикізатының және басқа да пайдалы қазбалардың үлкен қоры аймақтың дамуына ұзақ мерзімді перспективалар береді. Теңіздің болуы және біздің аймақтың бай мәдени, тарихи және рухани мұралары туризмді дамытуға және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

-Біздің компания Қазақстанда 2 жобаны жүзеге асырды. Олар «Абу-Даби Плаза» және «Хан-Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының дизайны.  Компания медицина, Қорғаныс министрлігі және спорт ғимараттары және «ақылды қала» жүйесі бойынша жобаларды әзірлеуде,- деді компания басшысы Шахзад Насим.

Өңір басшысы компания өкілдеріне туризмді дамыту жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ мұнай-газ саласы мен IT-технологиялар саласындағы кадр дайындауға арналған оқу орталығын ашуға шақырды.

 

Айман Оңғарбайқызы