Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан Тараз тұрғыны ұсталды
Тінту жүргізу кезінде оның киімінің қалтасынан «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі заты оралған 84 дана полиэтилен түйіншегі табылды, сонымен қатар, оның көлігінен тағы 50 пакет табылып, тәркіленді.
Есірткі құралдары Черныш атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен анықталды.
Сондай-ақ, күдікті есірткі сақталған тағы 16 орынды өз еркімен көрсетті. Тәркіленген тыйым салынған заттардың жалпы салмағы 60 грамнан асты.
— Күдікті өз кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған бапқа сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, — деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.