Сіз шағымданатын 10 мәселе

Біз үнемі қарапайым нәрселерге бола көп уақыт жұмсап, күш салмайтын дүниеге қуатымызды тауысамыз. Мұндай жағдайға бүгінгі таңдағы кез келген адам тап болатын шығар. Бірақ, біз бір нәрсені ұмытып кетеміз… Құран сүрелерін назарға алып, бір сәт ойланайықшы…

  1. «iPhone 7 алғым келді»

«Дүние тіршілігі еш нәрсе емес. Ойын-сауық ғана. Әрине ақырет жұрты тақуалар үшін жақсы. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» (6:32)

Біз телефон, планшет, ноутбук, компьютер сынды басқа да техникалық заттарға тәуелді болып барамыз. Дегенмен бұл заттардың барлығы біздің уақытымызды алады. Кітап оқу, қосымша құлшылық жасаудың орнына телефонға үңілумен өмір өтіп жатыр. Таң атса, кеш батады. Телефон тұрмақ бір ауыз суға жете алмай жүргендер бар емес па? Сіз осылай уақытты қолдан ұшырып жүріп, Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Үйіміз үлкенірек болса»

Алла Тағала иман келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал көрсетті. Сол уақытта ол: “Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште бір үй жаса әрі мені Перғауыннан және оның істегендерінен құтқар. Сондай-ақ залым елден де құтқар” деген еді. (66:11)

Перғауынның әйелі үлкен сарайда тұрса да, ол жалған дүниеде емес, шынайы жәннатта болуға талпынды.

Бір бөлмелі, я екі бөлмелі үйде тұрамыз, үй кішкентай, қысыламыз деген сөздерді жиі естиміз. Тіпті үлкен жер үйдің өзіне шүкіршілік қылмай үйіміз мынадай болса деп қиялдап жатамыз. Бір сәтке ойланайықшы, үйсіз дала кезіп жүргендер, үйге қол жеткізе алмай жалдап тұратындар, суық, бұзылған жарты бөлмеде тұрып жатқандар бар емес пе? Әрине жақсы өмір сүруге талпыну керек. Отбасымыздың жағдайын жақсартуымыз қажет. Дегенмен нәшүкірлік етіп, осылай үйімізге разы болмай дүние жиып жатқанда Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Әлеуметтік желілердегі оқырманым аз»

«Әй Пайғамбар! Алла (Т.) саған және мүміндерден саған ергендерге жетіп асады». (8:64)

Шынтуайтында сіздің Facebook, Twitter, Instagram, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі достарыңыз өмірдегі жолдастарыңыздан да көп. Оқырман санын көбейтуге тырысасыз, алайда оның пайдасы бар ма? Әлеуметтік желілерге қарағанда өмірдегі шынайы адал достарыңыздың көп болғаны жақсырақ екені ақиқат. Сіз осылай ғаламторда оқырман жинап әлек болып жүріп, Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Анам кешкі асқа тағы күріш пісіріпті»

«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле». (17:23)

Біріншіден, тамақты жақтырмау – кесір, екіншіден, анаңның еңбегін бағаламағандығың. Анаңыз отбасын уайымдап, сізге қамқорлық жасап, кешкі ас дайындайды, ал сіз болсаңыз шағымданасыз. Ойланайық, нанның қоқымын теріп жүргендер қаншама? Біз осылай тойып секіріп, Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Неге менің көлігімде жылу беретін орындық жоқ?»

Алла Тағала: «Оларға дүние тіршілігінде азап бар. Әрине ақыретте азабы тағы қатты. Сондай-ақ оларды, Алладан ешбір қорғаушы жоқ,» — деп ескертеді. (14:34)

Біз барға шүкір, тоба етудің орнына тағы-тағы деп тойымсыздық жасаймыз. Басқаларда тіпті көлік тұрмақ арба да жоқ, ал сіз бар көліктің өзіне шағым айтасыз. Алла тағала барлық нығметін бізге үйіп-төгіп жатқанын бағаламай, қарғысқа ұшырап қалмайықшы. Біз осындай нығметке нәшүкір болып, Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Менің тәрелкеме көбірек салыңыз!»

Әй адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді. (7:31)

Алдымызда, тәрелкемізде толы ас тұрса да, көзіміз тоймайтыны рас қой? «Өзі тоймастың көзі тоймас» дейді дана халқымыз. Көз тоймай толтырып салып ап, қарын тойған соң қалғанын қоқысқа тасталып жатады. Ал ысырапты Алла ұнатпайды. Біз осылай басқалар аш кезде ысырап жасап, Алланың алдына барғанда не айтамыз?

  1. «Қайтадан жаңбыр ма? Ауа-райы шаршатты»

«Аспаннан берекетті жаңбыр жаудырып, сонда ол арқылы бақшалар және орылатын астық өсірдік». (50:9)

Негізінде жаңбыр Алла тағаланың берекеті. Жаңбыр жердегі жаман, лас дүниелерді шаяды. Әрбір жаңбырдың тамшысын бір-бір піріште алып түседі және олардың екінші тамшыны алып түсуге қияметке дейін күтсе де, кезегі жетпейді. Сіз осылай ыстықта суық іздеп, суықта ыстық іздеп, Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Киетін ештеме жоқ»

«Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Үлкен сыйлық Алланың қасындағы. Сондықтан шамаларың келгенінше Алладан қорқыңдар. (Әмірлерін) тыңдаңдар, бой ұсыныңдар. Сондай-ақ тиісті орындарға мал жұмсаңдар; сендер үшін қайырлы болсын. Кім нәпсісінің сараңдығынан сақсынса, міне олар, құтылушылар». (64:15-16)

Шкаф толы киім болса да киетін ештеме жоқ деп шағымданамыз. Біз бар табысымызды тамақ пен киімге жұмсаймыз. Үйіміз шүберектен жарылғалы тұрса да сыртқа шығарда не киемін деп тұрып аламыз. Жыртығын жамап киіп жүрген мұқтаждарға бір үңіліп қараңызшы! Бәлкім, сіздің киімдеріңізді санасақ, сізден асқан бай жоқ шығар… Киім ойлап жүріп, Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Тәтті бірдеме жегім кеп тұр»

«Ал, енді Алланың сендерге берген ризығының халал, тазасынан жеңдер. Сондай-ақ егер Оған ғана құлшылық қылатын болсаңдар, Алланың нығметіне шүкіршілік қылыңдар». (16:114)

Сіздің тоңазтқышыңыз тамаққа толы, бірақ сіз басқа бірдеңе жегіңіз келіп тұрады. Осы сәтте аштан дүние салып жатқандарды есіңізге алыңыз. Алланың алдына барғанда не айтасыз?

  1. «Мені ешкім түсінгісі келмейді»

Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар. Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла (Т.) сабыр етушілермен бipгe. (2:152-153).

Басқа біреудің сізді түсінбегенін айтып мұңға батқанша, өзіңіз басқаларды түсінуге тырысыңыз. «Мен» деп өзімшілдікке салынбай, басқанын орнына өзіңізді қойып көріңіз. Сонда ғана басқалар да сізді түсінеді. Алланы көбірек еске алсақ, мұндай шағымды айтпас едік. Мені ешкім түсінбейді деп жүріп, Алланың алдына барғанда не деп жауап береміз?

 

Дереккөз: http://mazhab.kz/kk/maqalalar/gibratnama/siz-shagymdanatyn-10-masele-3943/