СҚО басшысы Петропавл қаласының құрылыс нысандарын аралады
Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарын көп қабатты, көп қызметті тұрғын үй кешендерініңқұрылысы барысымен танысудан бастады.
«Қазқалақұрылыс НС» ЖШС бас директоры Александр Авдеевтің айтуы бойынша, әр кіреберіс екі заманауи жедел сатымен жабдықталған. Кешен құрамына футбол және баскетбол, балалар ойын алаңын қамтитын абаттандыру жобасы кіреді. Сондай-ақ мұнда асфальт жол төсеу жұмыстары жүргізілген.
Өңір басшысы кешен тұрғындарына арналған тұрақпен танысты. Ерік Сұлтанов бұл Петропавл қаласындағы алғашқы үлкен тұрақ екенін атап өтті.
«Осындай заманауи тұрақ салынды. «Қазқалақұрылысы НС» компаниясы жұмысты өте сапалы орындады. «Қызылжар» сияқты үлкен кешенге осындай тұрақ қажет. Мұнда үш жүзден астам пәтер бар, бұл тұрғындар үшін өте ыңғайлы болады», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында өңір басшысы Петропавл қаласындағы технологиялық жаңғыртылған кәріз тазарту жүйесімен танысты.
Бүгінгі таңда нысанда жер қазу, бетон құю, өңдеу, сондай-ақ технологиялық құбыр желісін құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шатыр орнату, құрылғыларды құрастыру жұмыстары да орындалуда.
Өңір басшысы бюджет қаражатын толық игеруді және жұмысты сапалы орындауды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов «СевКазЭнерго» АҚ қызметкерлері үшін салынып жатқан жатақханаға барды. Мұнда сыртқы жұмыстар толық аяқталып, ішкі әрлеу, кейбір есіктер мен терезелерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 22 желтоқсан – Энергетиктер күнінде тапсыру жоспарланған.