Соңғы үш күнде Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясы бойынша бір ғана жағдай тіркелді

Нұр-Сұлтан қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қалада бүгінге дейін 222 адам COVID-19 инфекцияcын жұқтырған, ал науқастармен байланыста болған адамдар саны – 2167. Орташа есеппен алғанда COVID-19 бойынша тіркелген бір жағдаймен 10 адам байланыста болған. Байланыста болған барлық адам инфекция тасымалдаушылар саналады. Сол себепті олар дер кезінде ауруханаға жатқызылып, оқшауланып, тексерістен өтеді. Бұл ретте COVID-19 бойынша 131 оқиға (60%) анықталған», — деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова. Ол бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде елордадағы коронавирус инфекциясының қазіргі жағдайы және азық-түлік қауіпсіздігі шаралары тақырыбында өткен брифингте айтып берді. С.Қисықованың айтуынша, инфекцияны сырттан жұқтыру жағдайы 12% болса, жергілікті жағдай 29%-ға жетіп отыр. «Байланыста болған тұлғаларды жедел анықтау COVID-19-дың қалада таралу қаупін азайтады. Яғни, бұл тұрғындардың инфекция жұқтыру қаупін төмендетеді. Қала тұрғындарына уақытылы медициналық көмек көрсетілуін қамтамасыз етіп, COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді», — дейді басқарма басшысы.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі