SOFIA FILM FESТ-тен түйгеніміз…
Жер шарындағы кез келген мемлекет өзгелерге ұқсай бермейтін өзіндік тарихымен, әдет-ғұрпымен, сана-сезімімен, айрықша мәдениетімен, салт-дәстүрімен ерекшеленетіні анық. Мәдениеттің ішінде кино өнерінің алар орны айтпаса да түсінікті. Белгілі кинотанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Бауыржан Нөгербектің тілімен айтқанда: «Кино елдің төлқұжаты іспеттес». Әр елдің кино туындылары өз елдерінің менталитетін, этика-эстетикасын ұстанады. Сол арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне елінің атын қалыптастырып, деңгейінің өсуіне жол ашады. Осыған орай, халыққа кеңінен таралу мақсатында түрлі кинофестивальдер ұйымдастырылып жатқаны да белгілі. Кинофестивальдер кино өнерінің белгілі бір кезеңдегі бағдары мен бағытын, табысы мен талғамын айқындап, кинематографистер байланысын нығайтып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп тұратыны хақ. Ол, біріншіден, мәдени-саясат тұрғысынан алғанда кез келген мемлекет өз кинотуындыларын әлемдік аренаға шығару арқылы елінің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруы болып табылса, екіншіден, әлемдік даму тенденциясына ұсына отырып, кинобизнестің дамуына және елдің экономикасының өркендеуіне себепкер.
Солардың бірі әрі бірегейі София қаласындағы кинофестиваль жөнінде ауыз толтырып айтуға болады. Көктемнің алғашқы наурыз айы тарихы тереңде жатқан Балқан түбегінің шығыс бөлігінде орналасқан София қаласы (Болгария Республикасы) үшін өзге айларға ұқсай бермейтін уақыттың бірі. Оған себеп те жеткілікті. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін Халықаралық SOFIA FILM FEST кинофестивалі басталып, шаһарда кино өнерінің шеберлері, майталман кинематографистер жиналады. Өнердің бұл мерекесі биыл да үрдісін сақтап, халыққа мерекелі күндерді сыйлады. Кинофестивальге арнайы барғасын фестиваль тынысымен, болгар халқының тұрмысымен етене жақын танысуға мүмкіндік туып, зор қуанышқа кенелдік. Ендігі сөздің арнасын кинофестиваль тұрғысында өрбітсек.
Кинематография әлемі — күрделі құбылыс. Үнемі ізденістер мен тәжірибелердің үстінде дамитын үдеріс. Кинематография кеңістігінде киногерлер тың идеялар мен тұшымды жаңалықтар легін әкеліп, өзгеше қырларынан танытып жатады. Бүгінде кино өнерінің әртүрлі жанрларында түсіріліп жатқан миллиондаған фильмдер өз көрермендерін тауып, белгілі белестерді бағындыруда. Әрине, оның алғашқы көрсетілімдері кинофестивальдерде тұсауын кесіп, насихатталып жатады. Биыл да көптеген фильмдердің тұсауы Халықаралық София кинофестивалінде кесіліп, көрермен қауымға жол тартты. 1997 жылдан бастау алған Халықаралық SOFIA FILM FEST кинофестивалі алғашында музыкалық фильмдерге арналған шара болып, уақыт өте территориялық тұрғысынан, тақырыптық жағынан ауқымы кеңейіп, бүгінде Еуропадағы ең үздік кинофестивальдердің қатарына еніп отыр. Аталмыш фестиваль Art Fest орталығының бастамасы арқылы Болгария Республикасының Мәдениет министрлігінің, Ұлттық мәдениет орталығының, Ұлттық кино орталығы мен Болгар ұлттық телеарнасының, ұлттық және шетелдік өнер институттарының, сондай-ақ қаладағы жекеменшік ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Фестивальдің басты мақсаты — болгар халқын әлемдік кинематографиямен, ал әлемді болгар кинематографиясының жаңа фильмдерімен таныстыру. 1997 жылдан биылғы жылға дейін фестиваль шеңберінде 1600-ден астам көркемсуретті және деректі фильмдер көрсетіліп, жан-жақтан атақты әрі танымал режиссерлер мен актерлер бас қосқан. Солардың қатарындағы Вим Вендерс, Фолькер Шлендорф, Катя Риманн мен Карл Баумгартнер (Германия), Клаудия Кардинале (Италия), Алан Паркер, Питер Гринуэй, Терри Джонс, Майкл Пэйлин, Тони Палмер және Дэвид Маккензи (Ұлыбритания), Никита Михалков, Андрей Кончаловский, Карен Шахназаров пен Бахтияр Худойназаров (Ресей), Иржи Менцель, Ян Сверак пен Петр Зеленка (Чехия), Эмир Кустурица (Югославия), Кшиштоф Занусси (Польша), Отар Иоселиани (Грузия), Жан-Клод Каррьер, Агнес Варда, Зигфрид және Жак Дорфман (Франция), Бент Хамер мен Унни Страуме (Норвегия), Джафар Панахи мен Бабак Паями (Иран), Джерри Шацберг, Лех Ковальски (АҚШ), Йос Стеллинг (Голландия), Мика Каурисмяки (Финляндия), Лоне Шерфигті (Дания) ерекше атап өтуге болады.
Иә, мұнымен фестивальдің құрметті қонақтарының тізімі шектеліп қалмайтыны белгілі. Өйткені жыл сайын «мен мұндалап» тұратын кино майталмандары осында бас қосады. Мерейлі жиырмасыншы мерейтойын атап өткен биылғы Халықаралық SOFIA FILM FEST кинофестивалі жылдағы қарымынан өзгешеленді. Елу сегіз мемлекеттен екі жүз он фильм таңдалып алынып, кинематография саласында еңбек етіп келе жатқан 270-тей киногерлер бас қосып, фестиваль шашбауын көтерді. Фильмдер фестивальдің қонақтарына, фестиваль көрермендеріне бір ай бойы көрсетіледі. Міне, бұл дегеніміз киноның нағыз таптырмас мерекесі. Дәлірек айтқанда, фильмдердің қоғамда насихатталуына кеңінен ашылған жол. Жоғарыда аталып өткен фильмдердің барлығын тамашалап, сараптай отырып қорытынды шығару да оңай жұмыс емес. Қажырлы еңбекті, кәсіби шеберлікті, өз ісінің маманы болуды талап етеді. Деңгейі жоғары, бағдарламалар ретінің көптігіне орай, кинофестивальдің қазылар алқасы да жан-жақтан арнайы шақыртылған кәсіби мамандар мен беделді киномамандардан құралды. Халықаралық қазылар алқасында Грузияның белгілі режиссері, сценарист Дито Цинцадземен қатар армян режиссері, оператор Артутюн Хачатрян, ФИПРЕССИ хатшысы, кино сыншы Клаус Едер, болгар режиссері Кристина Грозева мен режиссер Петр Волчанов қазылық етті. Балкандық қазылар алқасының құрамында кинотанушы Божидар Манов, режиссер Изабель Щевер кино сарапшысы Саймон Пери болды. Деректі фильмдердің қазылар алқасына режиссер Триша Зиф, продюсер Симоне Бауман, режиссер Милена Конева бастаған топ төрелік етті.
Кинофестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылған бағдарламасы конкурстық кинофестивальдерге қойылатын әлемдік стандарттың үдесіне сай. Халықаралық SOFIA FILM FEST кинофестивалі: негізгі бағдарлама, Халықаралық байқау, бас жүлде, бүгінгі кино шеберлері, ертеңгі кино жаңалықтары, балкандық байқау, жаңа болгар көркемсуретті киносы, жаңа болгар деректі киносы, арнайы көрсетілім, бастапқыда болған… музыкалық фильмдер, Цветан Марангозов: 60-70-жылдардағы қысқа метражды фильмдер, фокуста: Түркия фильмдері, назарда: Хорватия, София ХКФ бүлдіршіндер үшін, тамақ талғампаздарына арналған фильмдер, деректі фильм конкурсы, саяси фильмдер, қысқа метражды бағдарламалар бойынша сынға түсті. Сонымен қатар, фестивальге кино өнерінің жілігін шағып, майын ішкен британдық кинорежиссер, сценарист, мультипликатор, суретші Терри Гиллиам, неміс кинорежиссері, сценарист, продюсер, Еуропа киноакадемиясының президенті Вим Вендерс, Венгриядағы авторлық киноның шебері, кинорежиссер Бела Тарр, Болгариядан шыққан канадалық кинорежиссер Тед Кочев арнайы қонақ ретінде шақырылып, шеберлік сағаттарын өткізді. Фестивальдің бағдарламасында аталмыш режиссерлердің фильмдері арнайы бағдарлама ретінде көрсетілді. Шебер мамандардың фильмдерімен қайта қауышып, көкейде жүрген сауалдарын жолдап, тілек-ниеттерін білдіру киносүйер қауым үшін таптырмас олжа болғаны анық.
Хош, бір айға созылған кинофестивальдің бас жүлдесі неміс режиссері Елица Петкованың «Жалейка» фильміне табысталды. Қазылар алқасының арнайы сыйы режиссер Вано Бурдулидің «Лето матовое фонтаны» (Грузия-Ресей) туындысына бұйырса, «Үздік режиссура» номинациясына «Мен, Ольга Хепнарова» (реж.: Томаш Вейнреб, Петер Казда, Чехия-Польша-Словакия) фильміне табысталды. «Үздік деректі фильм» номинациясын режиссер Томер Хайманның «Мистер Гага» (Израиль-Швеция-Германия-Нидерланды), болгарлық кино сыншылардың арнайы сыйлығын режиссер Ивайло Христовтың «Жолы болмағандар» («Losers») фильмдері алды. «Үздік болгарлық кинотуынды» номинациясын режиссер Светлана Цоцоркованың «Жажда» кинофильмі ұтты.
Шетелдің кинофестиваліне қонақ болып барып, кинотанушы маман ретінде шетелдің кино нарығынан көңілге түйгеніміз: болгарлық ағайындар өз елдерінде өтетін кинофестивальдің жарнамасын кеңінен насихаттап, жоғары дәрежеде аталып өтуіне белсене қатысқанын байқадық. Болгарияның экономикалық әлеуеті Қазақстаннан төмен болса да, әлемдік деңгейде аты шыққан кинофестивальді ұйымдастырып келеді. Біздің елде бір айға созылған кинофестиваль өтті ме? Жоқ! «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің өзін ХКФ «Еуразияның» ішіне қосып жібердік емес пе?! Әйтсе де, қазақ елінде әлемнің киножұлдыздары бас қосатын, қазақтың атын шығаратын, ұлттық кино нарықтың дамуына жол ашатын жағдайымыз бар емес пе?!
Гүлім Көпбайқызы,
Қазақ ұлттық өнер университеті
«Кинотану» мамандығының
2 курс магистранты