СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗЫ

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Жеңіс туының Рейхстаг төбесінде желбірегеніне 75 жыл толып отыр. Бұл соғыстың құны тым қымбатқа түсіп, Кеңестер Одағы 50 миллионнан астам азаматынан айырылды. Елімізде жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатары күн санап азайып барады. Солардың қатарында биыл 98 жасқа толған қимылы әлі де ширақ, шығанақтық Сағаш Әбдіров, Мойынқұм ауданындағы көзі тірі соңғы майдангер.
-Мен 10 жасқа келгенде әке-шешем Әбдір мен Бөпіш өмірден озды. Өзіміз ағайынды бесеу болғанымызбен үш ағам жас кезінде шетінеп кеткен екен. Сондықтанда мен ағам Абдулланың қарамағында тәрбиелендім десемде болады. Абдулла Ұлы Отан, фин соғыстарына қатысып, 1944 жылы аяғынан жараланып елге оралды. Ұзақ жылдар Мыңарал ауылында тұрып, жүргізуші болып еңбек етті. Ағам 75 жасқа толғанда өмірден озды,- деп еске алады Сағаш ата.
Сағаш ата жастайынан жетімдіктің ащы зары кеудесін кернеп өсті. Әке-шешеден ерте айырылу жас Сағашты ерте есейтті. Бала болып ойнағанды білмеді. Он үш жасында еңбекке жегіліп, жиырмадан асқанда соғысқа аттанды. Қолына қару алып, елін жаудан қорғады. Өзгелерге үлгі көрсетті.
Сағаш ата 1922 жылы Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Еңбекке 13 жасынан бастап араласқан ол 1939-1942 жылдары өзі мектепте оқи жүріп, елдегі сауатсыздықты жоюға белсене араласады.
-Біз ауылдан Смақ Боранбаев, Ғалым Байжомартов үшеуіміз Шудағы әскери комиссариат арқылы 4 мамыр 1942 жылы әскерге аттандық. Екі айдан аса уақыт Арменяның Ленинакан қаласында дайындықтан өтіп, Түркия арқылы Кавказ майданындағы ұрысқа қатыстым. Жан беріп, жан алысқан ұрыста аяқтан жараланып, госпитальда ұзақ емделуге тура келді. Содан соң шекара күзету отряды штабында қызмет еттім, –деп еске алады сол бір мазасыз күндерді Сағаш ата.
Сағаш Әбдіров Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы», «Жеңіс» ордендері, «Кавказды қорғағаны үшін», «Германия жеңгені», «Ерлігі үшін» басқа да бірнеше медальдармен марапатталып, 1946 жылдың маусым айында елге аман-есен оралады. Қанқұйлы соғыстан елге аман оралған Сағаш ата қираған ауылды, қиналған халықты жақсылыққа бастай отырып, аянбай еңбек етті. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші 1948 жылы Әлипа Сартаевамен отау құрды. Еңбек ете жүріп, 1947 жылы Жамбыл мұғалімдер даярлайтын училищені, ал 1955 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп, тарих пәні мұғалімі мамандығын алады. 30 жылға жуық Бурыбайтал, Мыңарал орта мектептерінде жас жеткіншектерге білім беріп, қатардағы мұғалімнен мектеп директорына дейін өседі. Сол кездері өзі басқарған Қасымов мектебінде білім сапасы жоғары болады. Мектепті бітірген Сағаш атаның шәкірттері бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Сағаш ата оларды әркез мақтан етеді.
Ал 1975 -1984 жылдар аралығында Шығанақ ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шығады. Зейнетке шыққаннан кейін 4 жылдай Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-інде азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы қызметінде болады.
Зейнетке шыққаннан кейінде қарап отырмай отыз жылдан астам уақыт ауыл ардагерлер кенесінің төрағасы ретінде ортақ іске өз үлесін қосты. Ауылдың қоғамдық өміріне, жастар тәрбиесіне белсене араласып, аталық ақыл-кеңесін беріп келеді. Өзі енбек еткен жылдары әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды, мерекелік медальдарды кеудесіне тақты, 2002 жылы ауданның «Құрметті азаматы» атанды. Сағаш ата 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлкен отбасының иесі. Зайыбы Әлипа апа 2010 жылы қайтыс болды. Ал атамыз өзінің 6 ұл, 4 қызынан бүгінде 31 немере, 28 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Балаларының барлығы жоғары білім алып, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Олар жыл сайын 9 мамыр күні қара шаңыраққа жиналып, әкелерін Жеңіс күні мерекелерімен құттықтауды әдетке айналдырған. Бір сөзбен айтқанда ел тағдырын еңкеймей көтерген Сағаш атамыздың замандастарына үлгі, ізбасарларына өнеге, кейінгі ұрпаққа ұлағат болған игі бастамалары аз болған жоқ. Өзі атқарған қызметтердегі білікті басшы, ойлы ұйымдастырушы, болашағын болжай білетін білімдар кісі болғанын өзімен қатар жүргендер жақсы біледі.
Баласының үлкені Қайырбек ұзақ жылдар Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы болып, жақында зейнетке шықты. Кәдірбегі болса Қарағанды қаласындағы қалалық электр жүйесінің бас директоры. Бір қызығы Сағаш атаның Қайырбек, Зара, Алтынкүл, Алмагүл атты ұл-қыздары әке жолын қуған ұстаздар. Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» демекші 98 жастағы қарт жауынгердің сөзі салмақты, қимылы ширақ, тың көрінеді. Күнделікті келген басылымдардың бірінде жібермей оқып, елімізде болып жатқан жақсылықтарға қуанып отырады. Кенже баласы Әділбек пен келіні Нұргүлдің қолында отырған Сағаш ата күн жылыса сыртта тұратын балаларына қыдырып барғалы отыр. Ондағы немере, шөберелерін бір иіскеп, мауқын басқанды қалайды. Өскен, өркен жайған деген осы емес пе?
Биыл Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына 75 жыл. Бүгінде Мойынқұмдағы Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері — Сағаш Әбдіров, соғыстың небір сұмдығын бастан өткерсе де қиындықтарға мойымай, мерейлі отбасында бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Бекнұр Сатыбалдиев