Соғыс ардагері Виктор Изюмников 100 жасқа толды

Соғыс және еңбек ардагері, Медеу ауданының құрметті тұрғыны Виктор Изюмников жүзінші туған күнін қарсы алды.

«Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» марапаттарының иегері, әуе-десанты әскерлерінің жалғыз ардагеріне Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, қорғаныс істері жөніндегі қалалық департаменттің әскери қызметшілері, Алматы қаласы Қарулы күштердің ардагерлері кеңесінің өкілдері құрмет көрсетті.

Виктор Изюмниковке ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Алматы өңірлік гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің атынан құттықтау жеткізіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Мерейтой иесі 1924 жылы бұрынғы Орал облысы Зеленов ауданы Чернояров елдімекенінде дүниеге келген. 1942 жылы 17 жасында майданға шақырту алған жас жігіт Ленинград әскери байланыс училищесіне жіберіледі. Бұл оқу орны сол кезде Оралға көшірілген еді. Оқуды бітірмей жатып 1943 жылдың маусымында бір топ курсант әуе-десанты әскерлеріне жіберіледі.

Виктор Изюмников Мәскеу облысының Ступино қаласындағы 17-ші десанттық гвардиялық бригада құрамында майданға кіреді. Осы әскери бөлімнің сапында ол Венгрия мен Австриядағы ұрыстарға қатысты. Вена мен Чехословакиямен шекарадағы Знайме (Зноимо) қаласын азат етуге қатысып, жеңісті қарсы алды.

Соғыс аяқталғаннан кейін шайқаста шыңдалған жауынгер аға сержант атағын алып, радиостанция бастығы лауазымына тағайындалды.

Әскерден кейін Виктор Изюмников еңбек майданына араласты. Тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, экономика ғылымдарының кандидаты, екі рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, Қазақстан Министрлер Кеңесінің іс басқарушысы болды. Ардагер әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, батасын берді.

 

Тұрсынқожа Гауһар