Солтүстіктен соққан жылы леп

385 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды қалпына келтіруді жалғастыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 6,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылы жұмсалған қаражаттан 18 пайызға көп. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша аталмыш жұмыстарға ресайклирлеу, көтерме жолдарға табиғи қиыршық тастар төсеу сияқты заманауи қор сақтау технологиясын қолдану қалпына келтірілетін жол учаскелерінің ұзындығын 48 пайызға ұзартуға мүмкіндік беріп отыр. Осы әдістердің арқасында үстіміздегі жылы 385 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарлануда. Мысалы, «Тайынша-Чкалов» бағытындағы облыстық маңыздағы жолдың 11,7 шақырымын күрделі жөндеуге «Облыстық аумақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша 980 млн. теңге қарастырылған. Бұл бағыт Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарын облыс орталығымен байланыстырады. Аталмыш жоба 2010 жылдан бері жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін автожолдың 31 шақырымы жаңартылды.

— Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың тікелей тапсырмасымен жобалықсметалық құжатқа түзету енгізілді. Ресайклирлеу, яғни жолдың бұрынғы ескі асфальтын жонып алып, қиыршық тастарымен қоса қайта пайдалану 1 шақырым жолды қалпына келтіруге кететін шығынды 2 есе азайтып, 83 млн. теңгені құрады. Осы учаскедегі көпір де жөнделмек. Оған 110 млн. теңге бағытталады. Осындай заманауи әдіс 9 ауданның 46 шақырым жолына да қолданылады, — деді БАҚ өкілдері үшін арнайы өткізген баспасөз мәслихатында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.

Бейбіт Қайыркешұлының айтуына қарағанда, күзгі-қысқы маусымда ылғалдың шамадан тыс көп түсуі, жаңбырлы жаз бен көктемгі су тасқыны 66 автомобиль жолының 149 учаскесіне қауіп төндірген. Соған орай 5 жолда ағын су өткізу шаралары жүргізілген, 9 жолда қозғалыс шектелген. Су тасқынының салдарларын жою үшін биыл Үкімет резервінен 1 млрд. 324 млн. теңге бөлініпті. Осы қаражатқа облыс орталығындағы Былғары зауыт ауданының судан қорғау бөгетін қайта жабдықтау, 147,5 шақырым облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың 24 учаскесін, елді мекендердің көше жолдарын жөндеу қолға алынды. Бұған қоса облыс әкімінің резервінен бөлінген 250 млн. теңге қаражат та осы мақсатқа жұмсалуда.

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА ЦЕХ

Бұған дейін электр өткізбейтін өнімдердің көптеген түрлерін шығарып, өнімдерімен Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, Украинаның, Беларусьтің кәсіпорындарына танылып үлгерген «Блок» ЖШС бірегей өнім шығаратын цехты іске қосты. Басшылардың айтуына қарағанда, ондағы мамандар жаңа жабдықты өздері жобалап, өздері құрастырған көрінеді. Тіпті, негізгі шикізат — битумды сақтауда да мұнда өзіндік тәсіл ойластырылған. Енді зауытта көпқырлы инновациялық материал — ризолин шығарылатын болады. Ол Қазақстандағы сұраныстың үштен бірін өтемек. Серіктестіктің бас директоры Казимир Богамедовтың айтуынша, бұл материалдың бірқатар артықшылықтары бар. Ризолиннің темір арқауы берік, сондықтан оны бұзу мүмкін емес.

Ризолин өзінің осындай артықшылығының арқасында кеңінен қолданылып келеді. Ол үйлердің іргетасын ылғалдан қорғайды, шатырға, қабырғаларға су жібермейді. Сондай-ақ, бассейндерде, жерасты құбырларында пайдаланылады. Ал желімді арқауының арқасында оны еден салғанда ламинаттың немесе паркеттің астына төсеуге де болады. Өнімді экспортқа да шығара аламыз. Бізде өнімді Еуропаға тасуға мүмкіндік беретін еуропалық сәйкестік сертификаты бар, — дейді өндіріс басшысы.

Заманауи цехта қосымша 15 жұмыс орны ашылды. Өндіріс орнында жаңа өнімнің тұсаукесер рәсіміне арналған салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов ризолиннің отандық құрылыс саласына ғана емес, экспорт үшін де маңызы зор екендігін атап айтып, серіктестіктің инновациялық жобасына сәттілік тіледі.

БАЛАЛАР АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

Облыстық Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Жастар бастамасы орталығы» КММ Полудин балалар үйі тәрбиеленушілерінің көптен бергі асыл армандарын орындап, оларға сыйлық тарту етіп қана қоймай, нағыз мереке ұйымдастырды. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық даналығын басшылыққа алған Жастар бастамасы орталығының белсенділері Балалар үйінде жиі қонақ болады. Соңғы рет келген кезде мекеме тәрбиеленушілері «Тілектер бәйтерегін» жасап, оның жапырақтарының орнына өздерінің асыл армандары жазылған түрлі-түсті хаттарды іліп қойған еді.

IMG_5370 (1)

Осыдан бір апта бұрын Қызылжарда өткен қайырымдылық концертінде орталықтың белсенділері «Арман орындалады» акциясының басталғанын жариялап, полудиндіктердің «Тілектер бәйтерегін» жиналғандар назарына ұсынған. Соған орай «Бәйтеректегі» хатты алған адам онда жазылған тілекті орындауға тиіс-тін. Сөйтіп, 3 күннің ішінде 5 велосипед, 5 жұп роликті коньки, 2 скейтборд, қуыршақтар, машиналар мен тағы да басқа тарту-таралғылар жиналған. Балалардың тілектеріне орай қаланың мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарына 57 хат жолданған екен. Алғашқылардың бірі болып балалардың асыл армандарына облыстық онкология диспансері, балалар ауруханасы, Қан орталығы, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Цесна банк» АҚ, Ішкі саясат басқармасы, «МТРА» ЖШС сияқты 10 кәсіпорын мен жекелеген бизнес өкілдері қолдау көрсетті.

Акция барысында 41 балаға тілектеріне сәйкес сыйлықтар тарту еттік. «Анамды тауып алсам» деген асыл арманы әзірше орындала қоймағанымен, Әлішер су жаңа велосипедке қол жеткізді. Тәрбиеленушілер көптен бергі тілектерінің орындалғанына сәби көңілдерімен шын жүректен қуанып қалды. Алдағы уақытта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленіп жатқан басқа мекемелерге де баруды мақсат етіп отырмыз. «Арман орындалады» акциясының діттеген мақсаты да осы, — дейді «Жастар бастамасы орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Роксана Орынбасарова.

Нұрсайын Шәріп