Солтүстікке қоныстану бағытында

Солтүстік өңірлерге халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардың тұрғындарын көшіру саясаты, мемлекеттің осы бағытта қабылданған бағдарламасы арқылы өз жемісін беруде. Осы көшпен бірге солтүстіктегі қандастарымыздың қарасы көбейіп, қосымша жұмыс күші артуда.
Бұл туралы апта басында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен кездесуде Павлодар облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева айтты. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, аудан тұрғындарының басын қосқан кездесуді аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Тлепов ашып, жүргізіп отырды. Нұржан Сейдазымұлы Павлодар облысы өкілдері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3 бағыты аясында, солтүстік өңірлерге қоныстану бойынша ағымдағы жылдың 17-20 мамыры аралығында ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.

 

 

Өз кезегінде сөз алған Павлодар облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева мен Тереңкөл ауданы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Адлет Жангузинов аталмыш бағдарламаның нәтижеге бағытталғанын атап өтіп, Тереңкөл ауданыжөнінде кеңінен мәліметтер келтірді. Сонымен қатар, қоныс аударушыларға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілетін мүмкіндіктер туралы түсіндіріп, ондағы бос жұмыс орындарымен таныстырды.
Халықты ақпараттандыру арқылы жергілікті тұрғындардың проблемалық мәселелерін қарау және шешу мақсатын көздеген шара барысында оған қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер төңірегінде сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Тұрғындар арасында солтүстік өңірлерге қоныстанудың «Еңбек » мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін насихаттау,түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатындағы осындай кезекті кездесу түс ауа Ботамойнақ ауылдық округінің ауылдық клубында өткізілді.