СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫСТАНУҒА НИЕТТІ
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Маржан Жусупова ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу «Nur Otan» партиясы ғимаратының мәжіліс залында аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Тлеповтың ұйымдастыруымен өтті. Жиынға көшуге ниет білдірген 40 адам қатысты.
Маржан Жылқыайдарқызы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының шарттарымен таныстырды. Биыл бағдарлама шартына елеулі өзгеріс енгізілгенін, бұған дейін аталған бағдарламаға отбасылы не туған-туысын ерткен адам жұбы қатыса алса, енді үйленбеген, не тұрмыс құрмаған адам да жалғыз қатыса алатынын жеткізді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытымен қоныс аудару шарттары мен талаптары, ұсынатын жеңілдіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жалпы Бағдарламаға сәйкес, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде соңғы бір жыл бойы тіркеуде тұрған кез келген қазақстандық қатыса алады. Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне, кішкентай баладан бастап, қарияға дейін жол шығынын өтеу мақсатында бір реттік жәрдемақы төленеді. «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне сондай-ақ, отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбастыларға бір рет 35 АЕК мөлшерінде көшуге материалдық көмек отағасына және әрбір отбасы мүшесіне беріледі.
Көшуге материалдық көмек «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.
«Еңбек» бағдарламасына қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі:
1) қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
— бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде;
— отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде;
— отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде төленеді.
2) ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
— бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде;
— отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде;
— отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде төленеді.
Ерікті түрде қоныс аударғанда мемлекеттік қолдау шаралары «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет көрсетіледі. Көшуге ниет етушілерге жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып тұруға кеңес береміз. Бағдарламаға қатысуға жыл он екі ай ниет білдіруге болады. Ал, егер өздері барып көргісі келсе, сол жақтағы жергілікті билік өкілдерінің нөмірін береміз. «Жолға шықтық» деп хабарласса болды, өздері күтіп алады. Уақытша орналастыру орталықтарына жайғастырып, квота бөлінген аудан-қалаларды, ауылдарды аралатады. Айта кетейік, ниеттілер құжатты көшіп барған аймағында тапсырады. Олардан анықтама, жөнелтпе хат сұратып, әбігерге салмайды. Тек қана жеке куәлігі, неке туралы куәлігі, туу туралы куәлігі және дипломының көшірмесі қажет болады.
Кездесу барысында солтүстікке көшуге ниетті азаматтар ойларында жүрген сауалдарын жолдап, тиянақты жауаптар ала білді.