Соңғы 3 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 47% артты
Қазақстанның қол жеткізген бәсекеге қабілеттілік деңгейін қолдау және оның одан әрі кеңеюі үшін агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің тәсілдері қайта қаралып, ішкі нарықтың қорғалуына, сыртқы сауда нарығын кеңейтуге, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев тұрғындармен есептік кездесудің қорытындысы туралы брифингте мәлімдеді.
Шығарылған жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері 3,9%-ға, өндірілген тамақ өнімдері 6,3%- ға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 айда 47%-ға, оның ішінде өңделген өнімдер экспорты 26%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 1,4%-ға өсіп, 88 млрд. теңгені құрады. 2018 жылы егістік жерлер көлемін 50,2%-ға (11,4 млн. га) қысқарту жоспарланып отыр.
Мал шаруашылығында өткен кезеңде мал мен құс саны орта есеппен 4,1%-ға ұлғайды. Сондай-ақ, өндірілген ет көлемі 4,8%-ға (345,1 мың тоннадан 361,6 мың тоннаға дейін), сүт 2,5%-ға (1942,9 мың тоннаға 1992,5 мың тоннаға), жұмыртқа 15,7%-ға (1896,1 млн. данадан 2194,4 млн. данаға дейін) артты.
Қазіргі уақытта азық-түліктің негізгі 30 түрінің 25-і бойынша қамтамасыз етілуі 80%, ал кейбір түрлері бойынша 100% құрап отыр. Ішкі нарық осы өнім түрлерімен қамтамасыз етілуде. Импортқа тәуелді құс еті, алма, ірімшік және сүзбе, шұжық, қант, балық бұл тізімге кірмейді.
Елбасы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары позициялары анықталды. Бұл, ең алдымен, ет өнімдері, сиыр және қой еті.
Сонымен қатар, сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер бойынша импорттан арылуымыз керек.
Осы мәселелерді шешу саланы дамытуда жаңа әдістерді талап етеді. Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді.
Бағдарламаның түйінді көрсеткіштері мен іс-шаралары негізінде, жобалық басқару стандарттарына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттары бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді, оларды іске асыру мерзімі 10 және одан да көп жылды құрайды.
Бұл ет және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суармалы жерлерді дамыту бағдарламалары.
Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарлама аясында саланы цифрландыруға, техникалық реттеуге, ауылдық аумақтарды дамыту және салық салу мәселелері қарастырылатын болады.
Жалпы Мемлекеттік бағдарламада 10 міндетті орындау көзделген. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетімділігі, тиімді салық салу, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, нарықтарға қол жеткізу және экспортты дамыту, аграрлы ғылым, техникалық жабдықтау мен өндірісті жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен цифрландыру, ауылдық жерлерді дамыту.
Осылайша, мемлекеттік бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз етеді.
Анықтама: Министрдің 2018 жылғы 15 маусымда өткен халық алдындағы есептік кездесуін дайындау және өткізу барысында 30 сұрақ қойылды.
1.Электронды пошта арқылы – 4 сұрақ
2.Залдан– 7 сұрақ
3.Видео конференц байланыс (аймақтар) – 8 сұрақ
4.Кездесудің қорытындысы бойынша жазбаша – 5 сұрақ
5.Facebook парақшасында – 5 сұрақ
Бағыттар бойынша:
– Агроөнеркәсіптік кешенді қаржылай қолдау шаралары – 15 сұрақ
– аграрлық ғылымды дамыту – 2 сұрақ
– ветеринария – 1 сұрақ
– жанар-жағармай материалдарын, ауыл шаруашылық техникасын беру – 7 сұрақ
– экспорттық әлеуетті арттыру – 3 сұрақ
– жер реформасы, жайылымдар – 2 сұрақ
Барлық жауаптар ҚР АШМ ресми интернет-ресурсына орналастырылды.
Facebook парақшасында тікелей эфирді 11 мыңнан астам адам қарап, 168 адам бөлісті.
ҚР АШМ баспасөз қызметі