Сопылық — ақиқатты түсінген ең үлгі адамдардың жолы
Бүгін бір жас салафи, телефон нөмірімді қайдан алғанын қайдам, бірнеше сұрақ қою арқылы сопылықты терістеп, жоққа шығарып, ширк пен бидғаттың жолы деп анықтама жасауға тырысты. Сол бауырыма ерінбей жауап беруге тура келді: Біріншіден, Иасауи танымында, яғни түркі сопылығында «алпыс үш жас» — кемелдікті білдіретін шама. Ол шама пайғамбарымыздың Хаққа қауышуының өлшемі. Екіншіден, Иасауи ешқашан қызметін алпыс үш жастан кейін жер астында өткізген емес. Ол аңыз. Ал аңыздың негізінде «шілдехана» жатыр. Шілдехана деп адамның рухын қырық күн халықтан жырақ жерде арылту методын айтады. Осы Иасауиде бар психотехника. Бұл техника жылына бір рет қана қолданылатын болған. Үшіншіден, дін құбылысын бүгінгі ғылыми тұрғыдан талдап қарасақ, діни танымда «ұстаз бен шәкірт» байланысы басты орында тұрады. Ол шарт. Ұстазсыз діни таным қалыптаспайды. Сопылық жолда ұстаздың ролі шәкіртін Алланың дидарына бағыттау ғана. Қалғаны Алладан. Төртіншіден, сопылықта адал ас, адал еңбек басты шарт. Адам табиғаты бойынша Аллаға ғана мұқтаж екендігін, фахри екендігін сезініп, біліп танып амал ететіндер осы сопылар. Ал еңбек етпей, қоғамның асырауына мұқтаж болып, қол жайып отыру сопылық жолы емес. Иасауидің өзінің кәсібі болған, қолөнер, егістікпен, саудамен айналысқан. Әрбір сопының кәсібі болған. Оны қазақтағы «жылқы атасы» Қамбар, «сиыр атасы» Зеңгі Баба, «қой атасы» Шопан ата, «ешкі атасы» Шақшақ ата, түйе атасы «Ойсыл қара» деген санамызда қалған тіркестерден көруге болады. Ал енді теориясында таухидті, вахдатты аңсап жүрген сопылардың үйленбеуі олардың мұратына да қайшы. Пайғамбарлық суннаға да қайшы. Ол сопылық емес. Алланың дидар ләззатына сол әйелмен қосылудағы ләззаттың баспалдағынан көтеріледі. Ол — табиғат. Ол — фитрат. Кез келген адам табиғатына жат нәрсе ислами емес. Сопылық — осы ақиқатты түсінген ең үлгі адамдардың жолы…
Сопылықты тану керек алдымен. Сосын барып ұнатасың ба, ұнатпайсың ба… ол келесі мәселе. Бір нәрсені жоққа шығару үшін де оны зерттеу қажет. Сопылық — адамның табиғатындағы сыр. Ол — исламның мәні. Пайғамбарымыздың жолы, үлгісі, руханияты, ахлақ шаблоны. Иман, ислам, ихсан қабаттары діндегі сопылықтың ақиқатын көрсетеді. Сопылық адамның өзін зерттейді. Кім адамды, өзін танудан қашса, ол, әрине, сопылықты, тарихыңды, діни тәжірибеңді не қылсын! Ислам — ең соңғы адамзатқа берілген дін. Ол — табиғи дін, фитраттың жолы. Сопылықта универсализм бар. Тұтастық бар. Таухид сыры жатыр… Сен, мен емес, біз бар. Мен емес, ол бар. Олардың өлшемі — Алла. Ал исламда Алланы дұрыс танудың өлшемі — Құран. Сондықтан Иасауи сияқты даналар «Менің хикметтерімнің бар мағынасы — Құран» деген, Абай да Құранды «Түгел сөз» деген. Алла дінді адам үшін берген. Өзі үшін емес. Өзінің рақметінің көрінісі ретінде танытқан, жол көрсеткен. Матуриди мен Ханафи, Иасауи тәжірибелері сопылықтың ақиқатын танытатын, тарих бойынша өзін дәлелдеген, сыналған жол. Ол жолды бүгінгі «сопыларға» қарап бағалау не тану «битке өкпелеп, тоныңды отқа жағумен тең». Биттер болады, алдымен өзіңе үңіл, тазарт!
Сопылық — ауыр да терең қилы қабаттармен көмкерілген ғарыш. Кірерде қолыңда ғылым мен білім керек, шариғат куәлігі. Сол куәлік сені сопылық ғарыштан адастырмайды. Иасауидің айтқанындай «Тариқатқа шариғатсыз кірме, зинхар». Ал егер куәлігіңді жоғалтып алсаң, сөз басқа. Исламда барлық мәселенің таразысы Ар мен Аллаға қарап бағаланады. Осыны бізге тарих бойынша дәлелдеп келе жатқан жолдың аты — сопылық. Бірақ барлық адамға арналмаған. Алланың жамалын аңсаушылар ғана сол жолда төзе алады. Мумин, Муслим, Мухсин категорияларына қарасаң, нағыз мумин солар, нағыз муслим солар, нағыз мухсин солар. Сопылық исламның ақиқаты, өрісі… себебі онда адам бар.
Досай Кенжетайдың «фейсбуктағы» парақшасынан