SOS –Ананың шаңырақ көтергеніне 20 жыл

Алматыда «SOS балалар ауылының» мемлекеттік емес білім беру мекемесі 20 жылдық мерейтойын Оқушылар сарайында дүркіретіп өткізді. «SOS балалар ауылы» қозғалысы 1949 жылы басталған. Ал оның негізін қалаушы, гуманист Герман Гмайнер. Ең бірінші Австрияда құрылған, қазір әлемнің 135 мемлекетінде өз қалашықтары бар.

Қазақстанға  Сара Назарбаеваның  бастамасымен 1994 жылы келіп, 1997 жылы өз жұмыстарын бастап, 20 жыл үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2000 жылы Астана қаласында, 2004 жылы Теміртауда құрылып, қанатын кеңге жая бастады. «SOS балалар ауылында» жұмыс істейтін SOS-Ана балалары кеше ғана кішкентай бүлдіршін еді, қазір оқу бітіріп, кейбіреулері тұрмысқа шығып, үйленіп кетіп жатыр. Уақыт неткен жылдам, 20 жылдың қалай өтіп кеткенін де білмей қалыппыз» деп өткен күндерін еске алды. Балалардың жақсы білім алып, жетістікке жетуіне осы SOS-аналардың еңбегі көп сіңді. Себебі, өзгенің баласын өз туған баласындай аялап өсіру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. 20 жылдық мерейтойдың ашылу салтанатында балалардың сүйікті аналарына алғыс хатпен қоса арнайы құнды сыйлықтар тарту етілді. Концертте бүлдіршіндер өз өнерлерін паш етсе, «SOS балалар ауылының» түлектері келіп, ұжымына, аналарына алғыс сезімін төкті. Түлектер өмірде өз жолдарын тапқан, өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша қызмет етіп жүр. Бақыт деген осы ғой, шіркін!

Салтантты кештің ашылуында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Алматы әкімі Бауыржан Байбектің атынан құттықтады. Құттықтау хатында 166 балаға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 20-дан астам бала ата-аналарымен қайтадан қауышқаны айтылды. Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Бұл әрине, Сара Алпысқызының бастамасы, сол кісінің ерлігі және ұстаздар, аналар қауымының еңбегі деп есептейміз. Алматы әкімдігі бұл ұйымға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Әкімдік тарапынан көрсетілетін қаржыландыру көлемі арта беретін болады», — деді Арман Қырықбаев.

25 жоба бойынша жұмыс істейтін «SOS балалар ауылында» 451 бала отбасы қамқорлығында. 3000-ға жуық балалар отбасына арнайы көмек көрсетілді, ажырасудың алдын-алу шаралары 1240 отбасын қамтыды . Жасөспірімдерді қолдау және дамыту, отбасылық қарым-қатынасты нығайту «Ойын Автобус» жобасына 13000 бала қатысты. 96 түлек өз бетінше өмір сүріп жатыр, оның 69-ы шаңырақтарын көтеріп, жеке шаңырақ болды. Осылай «SOS балалар ауылы» ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған және қалу қаупі бар деген отбасыларымен жұмыс істеп, бүлдіршіндердің уайым-қайғысыз өсіп, жетілуіне жағдай жасап келеді. «Қазақстан-Zaman» газетінің ұжымы да SOS-тағы ата-аналарды, балаларды мерейтойымен құттықтай отырып, оларға ынтымақ бірлік, Алланың нұр-шуағын тілейміз!

 

 

Айман Рамзия