Сот ісінде ақсақалдар Кеңесінің шешіміне жүгінуге болады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Әбдірайым Бақытжан Жарылқасынұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ»
— Құрметті Бақытжан Жарылқасынұлы! Мемлекет басшысы өзінің «100 нақты қадам»: Ұлт жоспарында тәуелсіз мемлекетіміздің әр саласында жүргізілетін маңызды реформалар туралы айқындады. Соның бірі сот саласына қатысты. Бүгінде Ұлт жоспарының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» тармағында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатымен заңдық құжаттар қабылданып, бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осыған орай, әуелгі сауалым, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Ұлт жоспарында көзделген сот жүйесіне қатысты барлық жаңалықтар 2016 жылдың басынан бастап іске қосылды. Азаматтық процессуалдық кодекс қабылданды, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және сот төрелігі» Конституциялық заңына, Қылмыстық-процессуалдық кодекске және әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне ауқымды өзгерістер енгізілді.
Ең қажетті және дер кезінде қабылданған жаңалықтың бірі - азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету мақсатында бес сатылы сот жүйесінің үшке дейін қысқаруы. Біз сот жүйесін дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, азаматтардың құқықтары қорғалатын, әділеттілікке қолжетімділік қамтамасыз етілетін, істің қысқа мерзімде сотта қаралуы талап етілетін халықаралық стандарттарға сәйкестендірдік.
Бұл ретте ҚР Жоғарғы соты аса маңызды қызмет атқарғанын, ал мемлекетіміздің Парламенті заң жобасы бойынша жемісті жұмыс жасап, 2015 жылы заңды қабылдағанын айта кеткеніміз орынды.
Әрине, бұл салада орын алған тұжырымды өзгерістер мен түбегейлі нәтиже туралы айту ерте. Дегенмен алдағы уақытта «100 нақты қадамда» белгіленген міндеттер мемлекетімізді жаңа кезеңге шығаратынына сенім мол.
— Елбасы 24-қадамда Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында халықаралық арбитраждық орталық құру туралы тапсырды. Осы орталықтың атқаратын міндеті мен халыққа тигізетін пайдасы туралы айтсаңыз?
— Бұл сұрақ алдыңғы мәселемен тығыз байланысты. Астана қаласында арбитраждық соттың құрылуы, біріншіден, Қазақстанда инвесторлардың құқығын қорғау мәселесімен байланысты. Елімізде трансұлттық компанияларды, инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай туғызатын заңнамалық база қалыптасты. Елбасының қарқынды қызметі мен абырой-беделінің арқасында ТМД арасында инвестициялар тарту көлемі бойынша Қазақстан көшбасшы болып табылады. Бізге шетелдік бизнес өкілдеріне түсінікті құқықтық жүйе, тәуелсіз сот, дамыған ағылшын құқығының нормасын қолданатын және барлық дауларды қысқа мерзімде шешетін жоғары дәрежелі арбитраж керек. Халықаралық арбитраждық соттың құрылуы біздің елімізге пайда әкеледі: инвестиялар ағымы экономикалық жағдайдың көтерілуіне ықпал жасайды, отандық өндіріс пен ауылшаруашылығының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әлеуетінің жақсаруына ықпал етеді.
— Ұлт жоспарында судьяларға қойылатын талаптың қатаңдауы тиістігі айтылды. Мұны қандай жолмен жүзеге асыруға болады? 17-қадамды іске асыру арқылы бізде әділ соттар көбейеді деуге бола ма?
— Кез-келген жұмыстың сәтті негізін жоғары білікті мамандар құрайды. Судьялардың қызметі өте ауыр, кәсібилікті, өмірлік тәжірибені, жоғары моральдік қасиетті талап етеді. Оларды іріктеу аталған қасиеттерге сүйене отырып жүргізіледі. Оларды қызметке тағайындарда арнайы заңдық жоғары білімінен бөлек, кіршіксіз абыройы барлығы, 5 жылдан кем емес сот саласына тікелей қатысы бар заң мамандығындағы еңбек өтілі болуы, жоғары білікті емтиханнан мүдірмей өтуі, негізгі жұмыстан босатылып, алдын ала сотта толыққанды тәжірибе арттыруы, психологиялық тестілеуден өтуі сұралады. Осының бәрі мемлекеттің және азаматтардың мүдделерін қорғайтын әділетті сот жүйесінің құрылуына әкеледі.
— Еліміздің кейбір өңірлерінде жергілікті ақсақалдардан құралған ауыл билері немесе ақсақалдар Кеңесі деген бар. Олар дау-дамайларды ушықтырмай, бейбіт жолмен реттеуді, яғни жағдайды мәмілегерлік жолмен сотқа жеткізбей шешуді мақсат тұтады. Олардың сот орындарымен байланысы қалай жолға қойылған және олардың әрекеті сот өндірісінде назарға алына ма? Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
— Қазақ халқының көпғасырлық мемлекеттік тарихы бар. Ол ел билейтін басшылар мен дуалы ауыз әділ билердің даналығына негізделген. Сонау ықылым заманнан халық соты деген атпен белгілі ежелгі дәстүр қалыптасқаны мәлім. Оларға тіпті, кәсіби және әділетті сот ретінде Украина, Ресейден жер аударылып келген халық та жүгінген.
Құқықтық мемлекеттің талаптарына жауап бере алатын заманауи сот жүйесінде дау-дамайды бейбіт түрде шешетін көпғасырлық дәстүрге де орын табылып отыр. Қолданыстағы заңнамада кәсіби және кәсіби емес медиаторларға қызмет етуге рұқсат етілген және олардың қызметтері реттеліп отырады. Осыған Сіз айтып кеткен ақсақалдар Кеңесін жатқызуға болады. «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, дау-дамай туындай қалған жағдайда, азаматтарға кәсіби емес медиатордың көмегіне жүгінуге құқық берілген. 15 бапқа сай, дау-дамай кезінде жергілікті жерлердегі өмірлік тәжірибесі мол, абыройы мен беделі жоғары медиаторлардың шешіміне жүгінуге әбден болады.
Азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтық қатынастағы дау-дамайларын реттеуде сотқа бармастан бұрын және соттық қарау басталған соң да медиацияны қолдануға болады. Аталған заңның 27 бабы бойынша, азаматтық үдеріс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім азаматтық істі қарайтын судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді. Қылмыстық үдеріс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен жанжалды реттеу туралы келісімді білдіреді. Аталған келісім дереу қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі. Бұл Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын, не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады. Сондықтан азаматтық қауым мен кәсіби соттың байланысы заңнамалық дәрежеде қамтамасыз етілген деуге әбден болады.
— Осы қадамдар бойынша Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтсеңіз?
— Парламент Мәжілісінің жаңадан құрылған құрамы жаңа әлемдік жағдайларда Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жалғастырады.
Қазіргі міндет — қолданыстағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру, қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің әсерін талдау, оны азаматтық қоғамды, ғалымдарды, сарапшыларды қатыстыра отырып, талқылау, уақыттың талабына сай бейімдеу. Елбасымыз әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу мақсатын белгіледі. Осы мұратты жақындату парламентарийдің басты мүддесі болып табылады.
Әңгімелескен Гүлшат ХАМИТ