СОТ НЕГЕ СОЗЫЛЫП КЕТТІ?

Марқұм Ерлан Нұрғалиевтің туыстары әділ соттың өтуін күтіп отыр

Тура 1 жыл бұрын, мен Facebook-те «Екі аяқты айуандармен арпалыс» атты жазба жазып, қазақтың хас батыр ұлы, қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің тағдырына араша түскен едім. АРАДА 1 ЖЫЛ УАҚЫТ ӨТТІ. Ертең Ерлан ағамыздың туған-туыстары Баршын ауылында жылдық асын береді. Қазақтың табиғат байлығын, жазықсыз киіктерді қорғаймын деп жауыздардың қолынан мерт болған батырдың әке-шешесінің көз жасы әлі құрғаған жоқ. ЖАНҒА ҚАТТЫ БАТАТЫНЫ – АДАМ ӨЛТІРГЕН ЖАУЫЗДАР ӘДІЛ ЖАЗАСЫН АЛҒАН ЖОҚ! 2019 жылдың тамыз айында басталған сот ұзаққа созылып кетті. Е. Нұрғалиевті өлтірді деп айыпталған үш күдікті сотта қылмысын мойындамай отыр. Кепілмен босатылған төрт күдікті тек киік атқандарын ғана мойындады. 45 томнан тұратын «Е. Нұрғалиевтің ісі» Қарағандыдағы мамандандырылған облыстық сотта қаралуда.

Інісі Нұрлан Нұрғалиевтің әңгімесі:
«Бұл іс бойынша өткен жылы шілде айында қайта тергеу аяқталып, іс қарала бастады. 13-14-15 қаңтарда Қарағандыда өтіп жатқан сотқа қатыстым. Әлі ешқандай қорытынды жоқ. Сот куәгерлерден жауап алуда. Куәгерлердің саны өте көп. Кепілге босатылған соңғы 4 күдікті киік атқанын ғана мойындады. Ал адам өлтірді деп айыпталған алғашқы үшеуі: «Төбелеске түк қатысымыз жоқ. Еш кінәміз жоқ деп қылмысын мойындамай отыр. Оның үстіне куәгерлердің бәрі жанына бір-бір адвокат ертіп алған. Солар сотқа ананы шақыру керек, мынадан жауап алу керек деп уақытты созуда. Ашық сот процесі қазақша өтіп жатыр. Сотта орысша сөйлеген адамдардың сөзін қазақшаға, ал қазақша сөйлегендерді орысшаға аударады. Сол себептен процесс өте ауыр өтуде. Отырысқа келген бірді-екілі тілшілер шыдай алмай, шығып кетеді».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өткен жылғы жолдауында: «Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Браконьерліктің тамары тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр» деп мәлімдегені белгілі. Олай болса, ел-жұрт болып, Мемлекет басшысынан «Ерлан Нұрғалиевтің ісін» өз бақылауына алып, әділ сот өткізіп, адам өлтіргендерді қатаң жазалауын талап етуіміз керек!

Төлен ТІЛЕУБАЙ, журналист

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған