Сот сараптамасына дін мамандарының көмегі қажет
Үкімет сағатында Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдіраxманов:
«Әділет министрлігі сот сараптама қызметін Дін және азаматтық қоғам министрлігімен бірлесе жүргізуі тиіс. Әділет министрі Марат Бекетаев Ақтөбеде өңірлік орталық құрылғанын, ол жерде 142 адамға арналған штат бар екенін айтты. Бұл факті министрлік тарапынан қандай көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Талқылау барысында министрлік денсаулық сақтау, заң, сот органдарымен бірлесе жұмыс істеп жатқаны туралы айтылды.
Сонымен бірге, айтылуға тиіс тағы бір министрлік, ол – Елбасының жарлығымен алдыңғы жылы құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі. Әділет министрлігі сот сараптамасын жасаған кезде терроризмге, экстремизмге қатысты діни әдебиеттермен де жұмыс істейді. Мұндай діни әдебиеттердің көпшілігі шет тілінде. Аудармасын жасау, терминологиясын анықтау кезінде осы министрліктің көмегі қажет. Әділет министрлігі нұсқаулықта Дін және азаматтық қоғам министрлігімен бірлесе жұмыс істейтінін көрсетсе деп ұсыныс айтқым келеді»,— деді.