Соттағы шырғалаң

Айналамызда болып жатқан сот процесстерінде, өз құқығы үшін күрескен нақты азаматтар мен нақты істерге де тоқталып кеткен артық болмас деп ойладық.

Біздің назарымызды аударған сондай оқиғаның бірі күні кеше Ақтөбе облысында орын алды. Биылғы жылдың 22 ақпанында Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы, бір кездері Ақтөбе облысының ең үздік аудиторы саналатын Ұмсын Сүлейменованы – іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауы себепті толық ақтап шығарды. Ақтау үкімі биыл шыққанымен, Ақтөбе қаласының №2 соты 2014 жылы Ұмсынды алаяқтық бабымен кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айырып, ол жазасын толық өтеп, әлдеқашан бостандыққа шығып та қойған еді. Сонда осының бәрінен кейін Ұмсын қалайша арада жеті жыл өткен соң ақтау үкіміне қол жеткізе алды?

Енді осы оқиға туралы басынан бастап баяндайық;

Ал, оқиға өз бастауын сонау 2009 жылдан алады. Сол жылы Ұмсын үйдің құрылысына алынған банк алдындағы кредитін жабу қажеттігі туындауы себепті, өзінің Ақтөбе қаласындағы коттедж үйін сатуға шығарады. Ол үйді алуға қызмет бабында араласып жүрген «И» есімді кәсіпкер ниет білдіреді. Үйдің бағасына келіскен соң, екеуара үйді сату туралы алдын-ала шарт жасалады. Ол шарттың талаптарына сәйкес, «И» үй үшін белгілі-бір кепілақы ретінде 150 000 теңгені төлеуге және ай сайын банк алдындағы қарызды өтеуге немесе бірден банк алдындағы қарызды жабуға міндеттенеді. Ол үшін нақты уақыты көрсетіліп, алдын-шарт нотариуспен шандырылады.

 

 

Сатып алушы «И» Ұмсынмен алдын-ала келісімге келгеннен кейін, сол 2009 жылы үйге кіріп алады, тіпті кіре сала дереу, үй ауласына жабық бассейннің құрылысын бастап, оны 2010 жылы салып болады. Сотта жәбірленуші ретінде берген жауабында әр ай сайын 2012 жылға дейін Ұмсынға «Альянс Банк» алдындағы кредитін жабуға ақша беріп тұрғанын, алайда, ол үшін бірде-бір рет қолхат талап етпегенін айтады. Яғни, банкте тұрған жылжымайтын мүлікті рәсімдеу кезінде заң бойынша міндетті, алдын-ала шарт талаптарын орындап, үш тарапты шарт жасамағанымен қоймай, ақша берген кезде де жазбаша рәсімдемейді.

Арада үш жыл өткен кезде, яғни 2012 жылы екіжақты жасалған алдын-ала шарт, солшартты бекіткен нотариус арқылы өз күшін жояды, оған екі тарапта сатып алушы «И» -де, сатушы Ұмсында қолдарын қояды. Ең қызығы осы кезде, бір-біріне материалдық тұрғыда ешқандай талаптары жоқ екеніде нотариус арқылы бекітіліп, сол жылы үйге басқа сатып алушы табылып, Ұмсын өзі қалаған бағаға «П» есімді азаматқа сатып жібереді. Жаңа сатып

алушы банк алдындағы барлық қарызын жауып, Ұмсынмен есептесіп, үйді өз атына аударып алады.

Алайда, осыдан кейін арада төрт ай өткен соң, бір кездегі сатып алушы «И» тарапынан полицияға Ұмсынның үстінен алаяқтық бойынша арыз түсіреді…

Бастапқы кезде, сол кездегі Ақтөбе облыстық қаржы полиция департаменті, Ақтөбе қаласы, Заводской аудандық ішкі істер полициясы тарапынан, оқиғада қылмыс құрамының болмауы себепті іс қозғалудан бас тартылады. Ол түсінікті де, істе жәбірленушінің ақша бердім деген ауызша мәлімдемесінен басқа ештеңе жоқ, алдын-ала келісімді бұзу туралы шартта өзара ешқандай талаптары жоқ екені де нотариалды шандырылған. Бұндай жағдайда істі қысқартқаннан басқа еш амал дажоқ болатын.

Алайда кейіннен бұл іске, заңдылықты қадағалуға тиіс орган –Ақтөбе облыстық прокуратурасы араласқаннан кейін жағдай күрт өзгереді.

Ұмсынның үстінен ірі көледе алаяқтық жасады деген айып тағылып іс сотқа жолданады. Прокуратураның басты көзірі – Ұмсынның үйді банктің келісімінсіз сатқаны болды. Алайда, банктің үйді сатуға жазбаша берген келісімі іс материалына жалғанып тұрса да, оны ешкімнің көргісі келмеді.

Істі қараған Ақтөбе қаласының №2 қалалық соты да бұл жағдайларға назар аудармастан, Ұмсын С-ы прокуратура таққан айып бойынша кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айыруға Үкім шығара салды. Сот тіпті жәбірленуші деп танылған «И» -дың үй сатып алуға басынан ақшасы болмағаны, банктен кредит аламын деп есеп қылып, ала алмағаны туралы жауаптарына да тиісті бағасын бермеді.

Кейін сотталушы мен адвокаттарының арызы бойынша қайта қараған Ақтөбе облыстық апелляциялық алқасы да істен ешқандай заңсыздық көрместен, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Ал кейіпкеріміз Ұмсын болса, ештеңе дәлелдей алмай, еркінен тыс Атыраудағы әйелдер колониясына жазасын өтеуге аттанып кете барды.

Ұмсын мойымады, тергеу изоляторында жатып та, колонияда жатыпта 2016-2019 жылдар аралығында облыстық соттан бастап, Қазақстан Республикасының жоғарғы Сотына бір емес, бірнеше мәрте шағымдар жолдайды, алайда ол еш нәтижесін бермейді. Сөйтіп жүргенде жазасын өтеп шығатын күн де жетіп, ол бостандыққа шыққанымен, жазықсыз жанның кеудесіндегі күйініш әділет үшін күресуді жалғастыруды талап етеді. Ол Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, Жоғарғы Соттың басшысына, алқа төрағаларына кіруге талпынады, бірақ ол ойлары да жүзеге аспайды.

«Талпынған жетер мұратқа» — демекші, күндердің бір күнінде, дәлірек айтсақ – 2019 жылдың қараша айында ҚР Бас Прокурорының орынбасары Берік Асыловтың қабылдауына кірудің сәті түседі. Ұмсын болған жәйдің бәрін жіпке тізгендей қып Бас Прокурордың орынбасарына баяндап бергенімен қоймай, оны жазбаша да жазып қалдырады.

Содан бастап жағдай 180 градусқа кері өзгерді дейді.

Бас Прокуратура Жоғарғы Сот төрағасы атына сот актілерінің заңсыздығын көрсетіп наразылық береді.

Кеше ғана Ұмсын мен оның адвокаттары жазған шағымдарға бір бетке де толмайтын шығарып салма жауап берумен шектеліп келген Жоғарғы Сот бұ жолы қырағылық танытып, сотталғанның іс-әрекетін ақтайтын дәлелдерге назар аударып, қылмыстық істі Ақтөбе облыстық сотына қайта жолдайды.

Содан осы жылдың 22 ақпан күні облыстық сот, Ұмсын С-ның әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы болмауы себепті толық ақтау туралы жаңа Үкім шығарады.

Енді осыған Ұмсынның өзі не дейді? Ақтөбе сотының жаңа Үкімінен соң Ratel.kz сайтына сұхбат берген Ұмсын Сүлейменова қылмыстық қудалау және сот органдарына деген өзінің қара қазандай өкпесін, ренішін білдірді. Егер ол ғайыптан тайып, Бас Прокурордың орынбасары Берік Асыловтың қабылдауына кіре алмаса, бұның бірі де болмаған болар еді.

«Ақтөбенің соттары, полицейлері мен прокурорлары мені адал атымнан, мүлігімнен, бостандығымнан айырып, әділетсіз колонияға жіберді. Осыншама қиянатқа жолдасымның жүрегі шыдас бермеді. Біздің заңдарымыз бойынша, менің ісімді қолдан бұрмалағандар мен көзін жұмып қойып соттағандардың ешқайсысы да жеке жауап бермейді екен. Оларды жұмыстан босатпайды, сотамайды. Олардан тіпті өндірілуге тиісті моральдық залал мен менен тартып алынған мүліктердің өтемақысында өндіре алмайды екем. Бұның бәрі, онсызда осы «кәсіби мамандарға» жалақы төлеуге мәжбүр, қарапайым салық төлеушілер есебінен өтеледі екен» — деді.

Ия, сотталып, жазасын өтеп шыққаннан кейінде, арқасүйер ер-азаматынан айырылып қалсада, жеті жыл бойы әділет үшін, өзінің адал аты үшін күресін тоқтатпаған қазақтың қызы Ұмсын Сүлейменованың қайсарлығына тәнті болмасқа лажымыз жоқ. Ол осы күресте өзінің сауаттылығының, табандылығының арқасында, кеш те болса, жеңіске жетті! Ия, газетіміздің алдыңғы сандарында жазғанымыздай әділдік үшін күрес, күрестердің төресі! Әр қазақ баласы, өз құқығын аяққа таптатпай, әділетсіздік атаулымен заңда бар барлық мүмкіндікті пайдаланып, аяғына дейін күресе білсе, заман да адам да түзелері анық!

 

 

 

 

 

 

Абзал Құспан