СОТТАН ӘДІЛДІК КЕТСЕ, ЕЛДЕН БЕРЕКЕ ҚАШАДЫ

Қай заманда болмасын әділдік іздеген қауымның жүгінері — әділ сот. Тура шешім. Бұлтаққа салынбайтын шыншыл би. Бұл жайлы қазақ даналығы «Тура биде туған жоқ» деп шегелеп беріпті. Ендеше, ата-бабадан келе жатқан сара жол — адам құқығы бүгінгі тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде қаншалықты бағалы? Қаншалықты құнды? Сотқа жүгініп, араша тілейтін халықтың алқа билердің шешіміне кей кездері риза болмай жататыны неліктен? «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жиі баратын судьялардың арды аттап кете беретініне не себеп? Сауал көп, жауап аз.

Астанадағы тәуелсіздік сарайында өткен ел судьяларының VII съезінде біз сөз еткен мәселелерден бөлек, көптің көңілінен шығар қадау-қадау ойлар айтылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев сотқа деген халықтың сенімін жоғалтпау үшін судьяларды өз ісіне адал болуға шақырды. Кез келген келеңсіз әрекеттердің орға жығатынын, «Дәніккеннен құныққан жаман» екенін тағы да бір еске салды. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар — барлығы 600 делегат қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, ел судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтіп келеді. Алғаш рет 1996 жылы жалауын көтерсе, содан бері алты съездің түндігі түріліпті. Президент әкiмшiлiгiне өткен жылы заңдылықтардың сақталмауына байланысты азаматтар мен ұйымдардан 10 мыңға жуық шағым түссе, биылғы жылдың он айында олардың саны 7 мыңға жеткен. Мемлекет басшысы бұл жағдайға көз жұма қарауға болмайтынын ескертті. «Белгiлi бiр лоббистiк топтың мүддесiн қорғау үшiн сотқа қысым жасау мақсатында қоғамдық пiкiрдi пайдаланатын фактiлердiң жолын кесу керек. Ондайлар бар, мұны мен бiлемiн. Оларды жария ету қажет. Байланысы, ақшасы арқылы сотқа ықпал еткісі келетін адамдарды бүкiл Қазақстанға көрсету керек. Әйтпесе, бұл жалғаса бередi», — дедi Президент.

Елбасының бұл сыны сот қауымдастығы қоғамдық сыннан сырт қалмауы тиіс екендігін аңғартады. Өйткенi демократиялық қоғам барлық мемлекеттiк институттардың жұмысына баға беруге құқылы. Съезд барысында қазақылығы басым, қара сөзге жүйрік Елбасы судьяларға қазақ билерінің шешендік сөздерін көбірек оқып отыруға кеңес берді.

«Билерiмiздiң iстерiн бәрiмiз бiлемiз. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидiң, бер жағында Бұқар жыраудың айтқандарын оқып отырыңыздар. Олар бiр ауыз сөзбен екi жақты жақындастырып, дауларды шештi. Сөзге тоқтаған қазақ келiсiмге келiп, айыппұлын төледi. Негiзiне келетiн болсақ, содан берi онша ештеңе өзгерген жоқ. Бастысы — әдiлдiк. «Тура биде туған жоқ» деген сөз бар. Қазақпыз ғой, ағайынсыз, жұрағатсыз, жекжатсыз болмаймыз. Дегенмен, елдi тәртiпке келтiру керек», — деп, ақ-қарасын анықтамай жатып, түймедейді түйедей етіп, түрмеге тоғыта берудің де жақсы емесін емеурінмен сездірді. Әңгімені әріден өрбіткен Президент төменгі соттардың өздеріне жүктелген міндеттерді толық атқара алмай отырғанына да ренішін білдірді. «Сот жүйесіне халық тарапынан әлі де алаңдаушылық бар. Әсіресе кейбір судьялар тарапынан қателіктер кеткен жағдайда. Тек осы жылы дисциплинарлық тәртіпте 32 судья өз жазасын алса, 2 судья қызметінен босатылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз болса да, осы жағдай бізге сабыр сақтауға мүмкіндік бермейді. Сот жүйесінде мұндай олқылықтар болмауы керек», — деп, Елбасы кесімді шешім шығарды. Сонымен қатар, өткен жылы ҚР Жоғарғы соты прокуратураның наразылығымен 63 азаматтың ісін қайта қарағанын ерекше атап өтті. «Өкінішке қарай, қарапайым халық әділдік іздеп, Жоғарғы соттан немесе прокуратурадан көмек сұрайды. 2015 жылы прокуратураның наразылығымен соттың үкімі шыққан 63 азаматтық істі ҚР Жоғарғы соты қайта қарады. Демек, қазіргі таңда біз тиісті құқық берген төменгі соттар өздеріне жүктелген міндетті толық атқара алмай отыр. Бұл — ең маңыздысы. Яғни біз қолға алған реформалар бойынша дұрыс жұмыс істелмей жатыр деген сөз. Сондықтан біз жүйелі түрде сот жүйесінің беделін көтеретін істерді жүргізуіміз қажет», — деп, сот жүйесінде ақсап жатқан мәселеге де ерекше тоқталды.

016b9e9f26d8b16cc10cba34da3

СОТ БИЛІГІ ЗАМАНҒА САЙ БОЛМАСА, РЕФОРМАНЫҢ БӘРІ БЕКЕР

Елбасы тарапынан айтылған тағы бір ескертпе мынаған сайды. Елімізде сот ісінде жүргізіліп жатқан реформалар сот беделіне нұқсан келтірмеуіне, соттарға азаматтардың сөзсіз сенуіне әкелуі керек. Ал сот төрелігін тәжірибелі де кәсіпқой мамандар жүргізуге міндетті. «Ең маңыздысы, лайықты сот корпусын құру. Сот төрелігін тәжірибелі де моральдық құндылықтары жоғары кәсіпқой мамандар жүргізу қажет. Сотта кездейсоқ адам болмауы керек. Біз оны жаңа заңға енгізуге тырыстық. Бүгінде сот корпусының мүшелері тәжірибелі, тыңғылықты дайындықтан өткен мамандармен толығуда. Тағайындалған судьялардың орташа жас мөлшері 35 жасты құрайды. Өз ісіне берілген мамандарды іріктеп алу маңызды күйінде қалып отыр. Себебі адамдар мен кадрлар барлығын шешеді. Жүргізіліп отырған сот реформасының мәні осында», — деді Елбасы. Сонымен қатар Президент сот жүйесіне болашағы бар, мықты заңгерлердің келуіне жол жабылып қалмауы керектігін қатаң ескертті. Демек, алдағы уақытта Жоғарғы сот кеңесі осы басты мәселені үнемі назарда ұстауы қажет. Қарап отырсақ, судьялардың әлеуметтік жағдайы да жаман емес екен. Оларға тек қара қылды қақ жаратын әділдік қана жетпей жатқандай көрінеді. Мұны Елбасының өзі айқындап берді. «Менің жеке тапсырмам бойынша отставкадағы судьяларды материалды түрде қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапты. 2014 жылмен салыстырғанда соттарды қаржыландыру 3 млрд. теңгеге өсіп, биыл бұл көрсеткіш шамамен 30 млрд. теңгені құрады. Сот корпусының тұрғын үй қоры соңғы 3 жылда 20 %ға жаңартылды. Осылай, сот жүйесінде жұмыс істейтін судьялар үшін барлық жағдай жасалуда», — деп, енді тек алаңдамай жұмыс жасау керектігін алға тартты.

Елбасының ашуын келтірген мына бір жайтты да айналып өте алмадық. Сот жүйесi үшiн ең басты мәселе халықтың қалтқысыз сенiмi екенi даусыз. Алайда көп жағдайда сот шешіміне наразы азаматтардың Президенттің атына хат жазып, әділдік іздеп жататыны рас. «Негiзгi мәселе — Қазақстан халқының сотқа деген көзқарасы, қарым-қатынасы қандай? Көңiлi көншiдi ме? Барлық мәселелермен сотқа бара ма, әлде әлi күнге дейiн Президентке хат жаза ма? Мәселе осында. Бiз реформа жасадық, өйттiк-бүйттiк деп отырмыз, бiрақ ең бiрiншi мәселе халықтың сотқа сенуi, сотқа баруы болуы керек. Баяғыдан келе жатқан ескі әдет әлі тыйылмай тұр: бiрдеме болса райкомға, обкомға бару, бастықтарға жазу әлi күнге дейiн тоқтаған жоқ. Осы мәселеге көңiл бөлу қажет», — деді ел Президенті қату қабақпен.

Съездің қорытынды сәтінде Елбасы заманға сай тиiмдi сот билiгi болмай, ешбiр реформаның нәтижесi болмайтынын алға тартты. «Тәуелсiздiк жылдары көз алдымызда iстелген жұмыс қыруар. Қазақстан бүгiн қалыптасқан, әлем таныған бәсекеге қабiлеттi мемлекет ретiнде әлемге танылып отыр. Бiздiң табыстарымыздың дәлелi — заманға сай және тиiмдi сот билiгi. Экономикада алға жылжу бар, халықтың жағдайын өзгерттiк, бiрақ сот жүйесi, құқық қорғау органдары өзгермей, бiз еш уақытта реформаларды орындадық деп айта алмаймыз. Сондықтан бiрiншi күннен бастап сот жүйесiнiң жұмысына мемлекет үлкен көңiл бөлiп келедi. Әрине, бұл жол оңай болған жоқ. Ширек ғасыр бұрын нағыз құқықтық, сондай-ақ шынайы сот жүйесi болған жоқ деп айтуға болады. Соттар баяғы өзiмiзге белгiлi партиялық бюрократтық аппараттың қолжаулығы болғанын да бiлемiз. Тәуелсiздiк таңында бiзге көп нәрсе жетiспедi», — деп, өткен күнге шолу жасаған мемлекет басшысы, бүгінгі сот жүйесінің даму қарқынын әлі де жетілдіре түсуге пәрмен берді.

Түйін: Астанада өткен ел судьяларының VII съезінде Қазақстан судьяларының Әдеп кодексi қабылданды. Жаңа кодекс «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңын басшылыққа ала отырып дайындалған. Әдеп кодексі судьялардың тәуелсіздігін, объективтілігін, адалдығы мен теңдігін, әдеп нормаларын сақтауын, құзыреттілігі мен ұқыптылығын одан әрі арттыра түседі деп көзделген. Барлық облыстарда судьялардың әдебі бойынша комиссиялар белсенді жұмыс атқаруда, судья лауазымдарына кадрларды іріктеуге қоғам өкілдері тартылады. Басшы лауазымға тағайындау кезінде үміткердің моральдық-әдеп қасиеттеріне үлкен көңіл бөлінеді. Кодексте белгіленген қағидаттар мен қағидалар атқарып отырған лауазымына қарамастан, барлық судьялар үшін, сондай-ақ, орындарынан түскен судьялар үшін де міндетті болып табылады.

Нағашыбай Қабылбек