СӨЗ БЕН ІС АҚЫЛ-ОЙҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ

Құрметті ғалымдар мен болашақ ғұламалар, ғылым жолын таңдаған жастар!
Кәсіби мерекелеріңіз — Ғылым қызметкерлері күні құтты, баянды болсын!
Ғылым — мемлекетіміз арқа сүйер салалардың маңыздысы, табан тірейтін ұлт құндылықтарының бірі екендігі белгілі. Ол қоғамды дәйім алға бастайды. Руханиятты, технологияны дамытып, тыңнан жол ашады, еліміздің интеллектуалдық әлеуетін көрсетеді. Экономикалық өсу ғана емес, миллиондаған адамдардың өмір сапасын арттыру да ғылым қызметкерлерінің жетістігіне тікелей байланысты.
Күнделікті еңбегі ғылыми ізденіспен, зерттеумен ұштасқан барша азаматтарға берік сенім мен төзім, көтеріңкі көңіл-күй, шығармашылық шабыт, кәсіби табыс тілейміз.
Еліміздің жоғары оқу орындары иеленген ғылыми орталық мәртебесіне лайықты іс атқарып, жас ғалымдар мен олардың кеңесін қолдау арқылы ғылыми жаңалық ашып, жаңа есімдердің шығуына жағдай жасайды деп сенеміз. Сонда ғана әлемдік ғылымның дамуына отандық ғалымдарымыздың қосар үлесі мол болмақ. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің: “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек” — деген өсиеті де ғылым қызметкерлеріне арналғандай, ешқашан күн тәртібінен түспесе керек.
Сабақты ине сәтімен демекші, ғылым саласында қал-қадерінше маңдай терін төгіп жүрген бірқатар бауырларымызды, туған-туыстарымыз бен достарымызды, әріптестерімізді де айтулы кәсіби мерекемен құттықтаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ