Сөз жауһарын терген хас шебер Рахымжан өтті дүниеден!
Қазақ әдебиетінің даңқын, беделін өсіретін, талантты қаламгерлер болса, халқының рухын көтеретін де, намысын жанитын да олардың шығармалары. Тәуелсіздігіміз қаламгерлердің жаңа тынысын ашты. Жаңаша жазып, соны жолды таңдаған дүлдүл жазушылардың алдыңғы легіне бір-ақ шыққан Рахымжан Отарбаев бауырымыз еді. Нағыз кемел шағына келіп, әдебиет аспанында қыран болып қалқып ұшып жүрген сол Рахымжанымыздан қапияда айрылып қалғанымызды естігенде жүрек сыздады. Алла тағаланың бұйрығына не шара! Алпыс екі жас Тарих бабамыздың көзімен қарағанда көп емес. Бірақ инемен құдық қазғандай жазушының ауыр еңбегін еселеп жазатындар аз, саусақпен санарлықтай. Және оны қалай жазу керек? Терең сезіміңді ақ қағаз бетіне қазақ тілінің таңғажайып қазынасының ішінен сөз жауһарларын теріп жаза отырып түсіре білсең ғана хас шеберге айналасың. Жазушы, драматург Рахымжан осы биік үдеден шыға білген қаламгер еді ғой, шіркін! Оның қаламынан туған «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім» және тағы басқа шығармаларының кез келгенінде сан-салалы соқпақты нағыз өмір жатыр. Тұщынып оқисың, жүрегіңмен қабылдайсың. «Бейбарыс сұлтан», «Нашақор жайлы новелла», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды драматургиялық шығармаларын да да халқы жылы қабылдап, әрбір дүниесін асыға күтіп отырушы еді. Рахымжан артына осылай бай да, салиқалы дүние қалдырды. Ұлтын жанындай сүйген Рахаң мінезді болатын. Кесіп айтатын шыншыл еді. Қош бол, Рахымжан бауыр! Аллам саған жәннатты, иманды, ұлпадай топырақты нәсіп еткей!
Халықаралық»QazaqstanZaman» саяси- қоғамдық газеті мен
Республикалық«ЕлАна»қоғамдық-әлеуметтік- танымдық сайтының ұжымдары
АҒАНЫ ЖОҚТАУ
(Рахымжан Отарбаевқа)
Өлгеніңіз сияр емес санаға… Жаратқанның бұйрығына не шара!
«Қала бермей Қырғыз бенен Қытайда», Не оралтты, Атырауға, жан аға!
Абыройын асқақтатып қазақтың, Төзсеңіз де тозағына азаптың.
Оралдыңыз, туған жер деп осында Жаздыңыз да шығармалар ғажап тым.
Көп адамның сиынатын пірісіз! Мұқағали, Өтежанның бірісіз.
Көз тиердей келбет, тұлға және бар, Дарасыз ғой, ірісіз ғой, ірісіз!
Қас талантқа өңкей надан сене ме? Түстеріне «Ақ көбелек» ене ме?
Көк теңізге ұзақ қарап тұрғанда, Әлде мінбек болдыңыз «Ақ кемеге».
Өлді ақын, кете барды ғайыпқа, Сыя алмады тобыр топқа, қалыпқа.
Аппақ бұлтқа оранды да жоғалды. Кім кінәлі, айыптама-айыпта!
Оралмайды күлімсіреп ол енді! От сөздері тесе қоймас төбеңді.
Құм құйылсын көздеріңе, жылаңдар, Кіналаңдар, қара сөзді, өлеңді!…
Қош, қош аға, мәңгілікке қош енді, Десек-тағы адам жаны өлшемді.
Қара сөздің қас шеберін жоғалттық! Атырауда қаралы күн жексенбі!
«QazaqstanZaman» Атырау облысындағы меншікті тілшісі Светлана Муньянова