СОЗАҚ АУДАНЫНДА БИЫЛ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Бүгін Созақ ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер аудан орталығындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы мектеп құрылысымен танысты.
Білім ордасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен жүзеге асуда. Жаңа мектепте робототехника, зертхана және хореография үйірмелеріне арналған кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ, оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталмақ. Мектепте арнайы бастауыш сыныптар, орта және жоғары буын оқушылары үшін жеке блоктар жасақталады. Білім ордасы биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Баспасөз туры аудан орталығында салынып жатқан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінде жалғасты. Спорт кешені — заманауи талаптарға сай, онда облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы. Екі қабатты ғимаратта футбол, волейбол, баскетбол, күрес және аралас жекпе-жекке арналған алаңдар бар.
Еске сала кетсек, өткен жылы Созақ ауданында бірнеше нысан ел игілігіне тапсырылған болатын. Оның ішінде, 200 орындық Құрманғазы атындағы шағын жалпы орта мектебі мен 75 орындық мәдениет үйі бар. Одан бөлек, 1 000 орындық жаңа стадион мен түрлі балалар ойын алаңшалары ашылған болатын. Сонымен қатар, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен «Street workout» қолданысқа берілген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі