СОЗАҚТА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ 210 ЖОБАҒА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛГЕН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі барлық өңірлердегі ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Созақ ауданына арнайы баспасөз турына барған журналистер өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін өркендетіп отырған азаматтардың шаруашылығымен танысты. Өткен жылы аталған бағдарламаға қатысуға аудан бойынша 277 тұрғын жобасын ұсынып, 210 жобаға 1 млрд. 168 млн. 610 мың теңге несие берілген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған созақтықтар арасында Құрманбек Маюсов та бар. Жартытөбе ауылының тұрғыны жоба құны 5 миллион теңгені құрайтын термопанель өндірісін қолға алған. Қазіргі уақытта алғашқы тапсырыстарын алып үлгерген кәсіпкер 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ, Қызылкөл ауылының тұрғыны Бақытхан Ердешұлы да жоба көмегімен тігін шеберханасын ашқан. Ол 7 300 000 теңге көлемінде несие алып, тігін цехын ашқан. Бүгінде цех ауылда ғана емес, аудан көлемінде тапсырыс қабылдап келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды да көздеп отыр.
Бұдан бөлек, Жартытөбе елді мекенінің тұрғыны Жамал Балакүл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 млн. теңге несие алып, жаңа жылыжайды іске қосуда. Үйіргелік диқандықты қолға алған кәсіп иесі қазіргі таңда 1 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп, жылына екі рет өнім алуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда облыс көлемінде балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылар саны да артып келеді. Осындай кәсіпкерлер қатарында Шолаққорған елді мекенінің тұрғыны Ержан Асқаров та бар. Ол бағдарлама аясында 8 500 000 теңге несие алып, аудандағы балық шаруашылығын дамытуда. Қазіргі уақытта оның шаруашылығында 10 мыңнан астам сазан балығы өсіріледі.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауылының тағы бір тұрғыны Әлішер Отаров жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, өз кәсібін дамытып келеді. Кәсіпкер мемлекеттен алған қаржыға «DAMIR & AIA» атты балаларға арналған гидромассаж орталығын ашқан. Гидромассаж – балалардың қан айналымын жақсартуға, тері түсін және бұлшықет тонусын жақсартуға көмектеседі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі