СОЗАҚТА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНА БАСПАНА ТАРТУ ЕТІЛДІ

✔️Түркістан облысы, Созақ ауданының орталығында бір отбасы баспаналы болды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қанат Нышанов көпбалалы отбасына баспана кілтін табыстады. Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов арнайы қатысып, аудан басшысының жылы лебізін жеткізді.
✔️«Соңғы уақытта ауданда көпбалалы және мұқтаж отбасыларға баспана тарту ісі тұрақты үрдіске айналуда. Ауданда баспана кезегінде тұрған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында бірқатар шара жүзеге асырылуда. Аудан басшысының атынан барлық жомарт жандарға, осы шараның ұйымдастырушыларына шынайы алғысымды білдіремін», деген аудан әкімінің орынбасары отбасыны құттықтады.
✔️Шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Есепенбетов, ауданның Құрметті азаматы әрі спорт ардагері Анарбай Шәдібеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Мыңжасар Асқарұлы қатысып, ақ баталарын арнады.
✔️«Бүгінгі қуанышты сәтте сөзбен жеткізе алмайтын сезімдерді бастан өткеріп отырмын. Көпбалалы ана ретінде біз үшін баспана – ең маңызды қажеттілік. Бүгін жасалған осындай үлкен жақсылықты, қамқорлықты ешқашан ұмытпаймыз. Баршаңызға үлкен рақмет!», деген баспана иесі Гаухар Дүйсенбекқызы игі бастамаға арқау болған азаматтарға алғысын білдірді.
✔️Айта кетейік, тұрғын үй қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылып, тұрмысқа қажетті құралдармен жабдықталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі