СОЗАҚТА “ЖАСЫЛ АЙМАҚ” АПТАЛЫҒЫНДА ЕГІЛГЕН ТАЛ КӨШЕТТЕРІНІҢ САНЫ 27500-ГЕ ЖЕТТІ
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Жасыл аймақ» апталығында Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді мекендерде және де аудан орталығы Шолаққорған ауылында жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстарының басында болған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан әкімі аппараты ғимаратының ауласына қосымша тал көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ ішкі көшелерді аралап, тазалық жұмыстарының барысын бақылауына алды.
Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысты. Шолаққорған ауылының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері
аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілерінің бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізді. Бұған қоса, “Жасыл белдеу” аумағына егілген көшеттер суарылды.
Сондай-ақ аудан аумағын көгалдандыру мақсатында ауылдық округтер мен кенттерде көше бойларына, әлеуметтік нысандар және саябақтарға егілген тал көшеттерінің жалпы саны 27 500-ге жетті. Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі