Сөзден – іске көшуге бел буғызған құжат
Орал қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» фракциясының отырысында жетекші партияның Орал қаласы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары жасақталған Жол картасы талқыланды.
Бұл бағдарламада партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген және праймериз, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде тұрғындардан түскен аманаттар бойынша жоспарлы жұмыстар жинақталған.
Жиынға Орал қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков, қалалық мәслихат хатшысы Есентай Қалиев қатысты.
«Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенесары Нұршиновтың айтуынша, партияішілік праймериз және сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында Орал қаласы бойынша тұрғындардан 1400-ге жуық аманат келіп түскен. Сайлаушылардың өтініш-тілектері жүйеленіп, округтер бойынша бөлініп, қалалық мәслихат депутаттарына жеткізілген. Сонымен қатар партияның 2021-2025 жылдарға арналған жоспарланған сайлауалды бағдарламасы негізінде Жол картасы жасақталған.
Аталған бағдарламамен таныстырып өткен қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова оған 26 көрсеткіш, 81 іс-шара енгізілгенін мәлімдеді. Бағдарламада құрылыс, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, медицина, білім салалары бойынша бес жылда орындалуы тиіс жұмыстар, жұмсалатын қаржы көлемі қамтылған.
Қала басшысы Абат Шыныбеков өз сөзінде сөзден – іске көшетін уақыт жеткенін айтты. – Партияның сайлауалды бағдарламасын орындауға күш салуымыз керек. Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Бұл бірінші кезекте қаржыландыруға келіп тіреледі. Сондықтан салық түсімдерін молайту мәселесімен жұмыстануымыз керек. Қала бойынша маңызды мәселелерді шешуіміз қажет. Алдымызға қойған міндетті абыроймен атқару – ортақ мақсатымыз, – деді Абат Абайұлы.
Депутаттар өз кезегінде халықтың ұсыныс-тілегіне орай атқарылған жұмыстар бойынша жарты жыл сайын есеп беретін болады. Бұл ретте оларға қалалық әкімдікке қарасты салалық бөлімдермен тығыз қарым-қатынас орнату тапсырылды. Сондай-ақ Жол картасында белгіленген жоспарлы жұмыстарды қадағалау да – басты назарда.
Жиында қалалық мәслихат депутаттары да сөз алып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Мирболат Ерсаев бұл қадам халық алдындағы уәделерін орындауға берілген мүмкіндік екенін айтса, Азима Ғұбашева қазына қаражатына орай аулаларды абаттандыру жұмыстары барлық округте тең жүргізілуіне, ал Айгүл Түркина коммуналдық шаруашылық саласына қатысты мәселелерді жауапты мекемемен бірлесе зерделеуге ұсыныс білдірді.
Фракция отырысынан кейін қалалық филиалдың Саяси кеңес бюросының мүшелері партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары жасақталған Жол картасын бірауыздан мақұлдап, бекітті. Бюро мүшелері жаңа құраммен іске кіріскен қалалық мәслихат депутаттарының жұмысына сәттілік тіледі.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы