Сөздің киесі бар…

Сөздің киесі бар.. Кешегі қыршынынан қиылған Денис Теннен «спортта қай жасқа дейін жүресің» деп сұрағанда, «25 жасқа дейін» деп жауап берген… Оразалы Домбосынов деген алапатақын досым көбінесе сөзді:

«Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжырықпын, Шарғынмын»-деп бастайтын…

Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді.. Кейін Оралдан Асылбек Исщанов деген ақын бала шықты.. Сол бала өзінің ең соңғы айтысында:

«бір күнде бес ақынмен,
Айтысып бәрін жеңетін,
Оразалының жолын бер» деп жырлаған екен. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасы құсап жол апатынан қаза тапты.. Атақты Жәнібек Кәрменовтың керемет термесі бар, сол терменің ішінде «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деген жолдар бар.. Сол Жәнібек ағамыздын жолға жалғыз шығып кетіп жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу біліп, біреу білмес… Атақты Мұқағалидың да:

«Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде»- деген өлеңі бар..

Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді.. Менің Мейрамгүл деген актриса құрбым бар еді.. Бір күні үйге келіп екеуміз шәй ішіп отырдық.. Содан ол өзінің бір құрбысы туралы әңгіме бастап кетті.. «Жақсы әнші еді, Алматыдан келе жатып тура Балқаштың қасында авария болып қайтыс болды, машинасының артындағы бір банкасы да сынбаған екен» деп таң қалып отырды.. Кейін тағы бір көргенімде өзінен-өзі: «Айнұр, сол Балқаштың маңайында авария көп болады екен ғой иә» деп тағы қоймады.. Соңғы рет көргенімде «Алматыға көлікпен кетіп баратын болдық, Балқаштың жанынан байқап өту керек» деп тағы қайталады.. Сол құрбым тура сол құрбысы қайтыс болған жерде жол апатынан бала-шағасымен қайтыс болып кетті.. Біз көбінесе сөзге мән бермей жатамыз.. Әсіресе ашулансақ, балаларға ұрыссақ артық кетіп қаламыз.. «Өстіп жүріп бір бәлеге ұрынасың, суық тиіп өлесің, оқудан шығарып жібереді, адам болмайсың, енеңнен таяқ жейсің, басыңды асырай алмайсың» деген сияқты артық сөздерді айтып жібереміз.. Исламда «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген xадис бар… Ендеше жақсы ойлап, тек қана жақсы сөз сөйлеп үйренейік… Сонда бәрі де жақсы болады..!

Айнұр Тұрсынбаева