Спорт саласындағы өзекті мәселелер шешімін табуда
БҚО-да ағымдағы жылдың 10 айында 59152 адамның қатысуымен 1302 іс-шара өтсе, қараша айына дейін төтенше жағдайда және карантиндік режим кезінде 8192 адамның қатысуымен 329 шара онлайн және қашықтан ұйымдастырылған.
Мұндай мәліметті жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысқан облысьық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров жеткізді. Үсітіміздегі жылы осы салада атқарылған жұмыстардан хабардар еткен басқарма басшысы алдағы уақыттың еншісіндегі келелі істер де аз еместігін айтты. – Бұқаралық спорттың дамуын, қалың бұқараға дене шынықтыру мен спорттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында 2020-2021 жылдары ҚПО б.в. компаниясының инвестициясы есебінен облысымыздың жеті ауданында сегіз дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделіп отыр, – деді Қаймен Есенаманұлы. Ал облыс орталығында биыл мемлекет есебінен сегіз спорттық алаң іске қосылса, облыс бойынша 36 спорттық алаң салынған.
2020 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың жалпы саны 209858 адамды құраған. Бұл – облыс халқының 31,8 пайызы.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «қаржы жетіспеушілігі жағдайында кәсіби спорт клубтарын толықтай бюджет қаражаты есебінен ұстаудың маңыздылығы жоқ» деп, кәсіби спорт клубтарына қатысты мәселеге өз көзқарасын білдіріп, мемлекет қаражатын үнемдеу қажеттігін тапсырған. Кәсіби спорт клубтары мәселесіне келсек, облысымыздағы үш кәсіби спорт клубының бюджетін қысқартып, үнемделген қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде аудан спортының қажеттілігіне жұмсау қарастырылуда, – деген Қаймен Есендияров өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасатынын айтты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы