СҚО еңбек мигранттары көші-қон қызметтері орталығына жүгіне алады
Бүгін Петропавл қаласында Көші-қон қызметтері орталығы ашылды. Мигранттар үшін маңызды Орталықты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп таныстырды. Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Орал және Қостанайда жұмыс істеуде.
Ресми ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Еркін Жұмабай, көші-қон қызметінің басшысы Талғат Әбілов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО департаментінің өкілі Болат Еңсегенов қатысты.
Петропавл қаласында ашылған жаңа ХҚО еңбек мигранттарына жұмыс істеуге рұқсат құжаттарын беру және қайта рәсімдеу қызметтерін көрсетеді. Енді Петропавл қаласына жұмыс бабымен келетін шетел азаматтары бір жұмыс күні ішінде «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді ала алады. Бұған дейін шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді тиісті құжаттарды бір сағаттың ішінде рәсімдейді. Мигранттар бір ғимараттың ішінде өзіне қажет қызметтерді электрондық кезек арқылы ала алады.
«Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Көші-қон қызметтері орталығындағы мигранттар үшін жасалған қолайлы жағдай құжаттарды рәсімдеу барысын барынша ыңғайлы етеді», — деді Еркін Жұмабай.
«Мечта» ТК (Жамбыл к-сі, 71А) ғимаратында орналасқан Көші-қон ХҚО-да «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтерді алудан бөлек, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қызметтерді кедергісіз алу үшін барынша жағдай жасалған. Ғимараттың кіреберісі мүгедектерге арналған пандус және қызметкерлерді шақырту түймесімен жабдықталған. Мемлекеттік қызметтерді мигранттар күнделікті (сенбі, жексенбі және мереке күндерінен басқа) сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін түскі үзіліссіз ала алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының
PR-менеджері Ерназар Нұрғалиев
Тел: 8-775-443-91-09