СТРАТЕГИЯЛАР МЕН БАҒДАРЛАМАЛАР

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы

2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:

  1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм
  2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау
  3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік
  4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары
  5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту
  6. Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту
  7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен бекітілді.

2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезеңі адамзат тарихындағы соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ауыр жаhандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың басталу уақытына дәл келді. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде әлемдік немесе өңірлік дағдарыстың жағымсыз салдарларына ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуына баса көңіл бөлінді.

Тау онжылдықта мемлекет қызметінде бес негізгі бағыт басымдықта болады:

  • дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
  • индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету;
  • болашаққа инвестиция ­– орнықты экономикалық өсім, өсіп-өркендеу және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының жетістігі үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын арттыру;
  • тұрғындарды сапалы әлеуметік және тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету;
  • ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын нығайту.

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • Қазақстан 2020 жылға қарай экономикасы әртараптандырылған және халқы жаңа экономикаға белсенді тартылған, әлемдік дағдарыстан шыққан анағұрлым күшті және бәсекеге қабілетті елге айналады.
  • Қазақстан 2020 жылға қарай қолайлы іскерлік ахуалы бар, елдің шикізат секторында елеулі шетел инвестициясы тартылған, әлемнің ең бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіретін болады.
  • 2020 жылға қарай еліміз әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адам ресурстарына, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады.
  • 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты алғанда 2009 жылғы деңгейге қатысты алғанда үштен бірінен асады.
  • 2020 жылға қарай төменгі күн көріс мөлшерінен аз табыс табатын халықтың үлесі 8 пайызға дейін төмендейді.

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудағы басты жетістік Қазақстанның экономикалық өсімінің құрылымын сапалық жақсарту және дәйектілікпен әртараптандырылуы нәтижесінде ел азаматтарының әл-ауқатын елеулі түрде арттыру болуы керек.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілді.

Бағдарлама мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

  • экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту;
  • индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру;
  • экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру;
  • экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан 2014 жылға қарай төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • 7 триллион теңгеден кем емес ІЖӨ өсімі, нақтылы түрде ІЖӨ өсімі 15%-ды құрайды;
  • ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • экспорттың жалпы мөлшерінде шикізаттық емес экспорт үлесін 40%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық мөлшеріндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 43 %-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 1,5 еседен кем емес мөлшерде арттыру.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілді.

(Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 2 қарашадағы № 423 Жарлығымен өзгеріс енгізілді, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 12 тамыздағы № 893 Жарлығымен Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 — 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы кіріктірілді)

Мақсаты — білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың тұрақты өсімі үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан төмендегідейнегізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • жоғары және бірінші санатқа ие жоғары білікті педагогикалық қызметкерлердің педагогтардың жалпы санына шаққандағы үлесін ұлғайту, 2015 жылға қарай — 49%, 2020 жылға қарай — 54%;
  • 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтуды ұлғайту, 2015 жылға қарай — 77,7%, 2020 жылға қарай — 100%;
  • Қатысушылардың жалпы санына шаққанда кәсіби даярлық деңгейін бағалаудан және біліктілікті беруден алғашқы реттен өткен ТжКБ бітірушілерінің үлесін  ұлғайту, 2015 жылға қарай — 75%,  2020 жылға қарай — 80%;
  • мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған жоғары оқу орындары түлектерінің жоғары оқу орнын тәмамдаған алғашқы жылы мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылуын ұлғайту, 2015 жылға қарай — 78%, 2020 жылға қарай — 80%;
  • әлемнің үздік университеттері рейтингінде көрсетілген Қазақстанның жоғары оқу орындары санын ұлғайту, 2015 жылы — 1, 2020 жылы — 2;
  • халықаралық стандарттар бойынша институциональдық тәуелсіз ұлттық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары үлесін ұлғайту, 2015 жылға қарай — 50%, 2020 жылға қарай — 65%;
  • жастардың жалпы санынан жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын жастар санын ұлғайту, 2015 жылға қарай — 31%,  2020 жылға қарай — 55%.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • Азаматтардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту:
  • Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру;
  • медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан мынадай негізгі жетістіктерге қол жеткізуге тиіс:  :

  • халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейін, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғаюы;
  • ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейін төмендеуі;
  • нәресте өлім-жітімінің 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейін төмендеуі;
  • жалпы өлім-жітімнің 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8,14-ке дейін, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейін төмендеуі;
  • туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98, 1-ге дейін, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейін төмендеуі;
  • 15-49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 пайыз шегінде ұстау.

Ұлт жоспары – «100 нақты қадам»

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауа­зымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынатынын айтқан болатын. Жақында Елбасының бұл жоспары халықтың назарына Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» деген тақырыппен ұсынылды.

Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.
«100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мем­лекеттілігін нығайтуға, жолдан адас­пауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. 2 қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.
Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадам­дарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін Міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру; Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемле­кет­тік қызметкерлердің лауазымдық еңбек­ақы­ларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған.
Ауыстырылатын мемлекеттік қызмет­керлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру (8-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру (9-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10- қадам); шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сек­тордың жекелеген мамандарын, халықара­лық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам); жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау (12-қадам) міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы сая­са­тының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қа­да­мында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт Жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау  14-қадамда, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестат­таудан өткізу мәселелері 15-қадамда сипатталған.
Ұлт Жоспарында сондай-ақ азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру (16-қадам), судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту (17-қадам), «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» (18-қадам) деген міндеттер қойылған.
Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқа­ры­лып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған.
Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру; Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «aifc» халықаралық арбитраждық орталығын құру; шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру; Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық дау­лар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәсе­лелер Ұлт Жоспарының 23, 24, 25, 26, 27, 28-қадамдарында көрініс тапқа­нын айта кеткеніміз жөн.
Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, жергілікті полиция қызметін құру, жол полициясы қызметкерлерінің этикасы және өзге де мәселелер 29, 30, 31, 32-қадамдарда келесі міндеттер бойынша айқындалып отыр.
Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру; мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаң­ғырту; ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу; жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу және өзге де көкейкесті міндеттер Ұлт Жоспарының 33, 34, 35, 36, 37, 38-қадамдарында көрініс тапқан.
Ұлт Жоспарында белгіленген тапсырмалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылған. Мәселен, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту; құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу; кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу; электр энергетикасы саласын қайтадан құру тәрізді өзекті міндеттер бүгінгі күн талабымен орайлас келіп отыр.
Бағдарламалық құжатта сондай-ақ ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту; экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру; ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту; өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң әзірлеу. Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау сынды ауқымды мақсаттар мен міндеттер 61 және 76-шы қадам аралығында көрініс тапқан.
Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы ел келешегінің кемел болашағының жарқын болуына негіз болары сөзсіз. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамына енген: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идея­сын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру; «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру және т.б. міндеттер кеңінен атап көрсетілген.
«Іске асыру тетігі» деп аталатын бөлімде бес жұмыс тобынан жасақталған жаңғырту жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылғаны туралы айтылған. Ұлттық комиссия бес инс­титуттық реформаны кезең-кезеңімен орындауды келісілген басқару бойынша жүзеге асыруы, тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындауы тиіс екені және өзге де жайттар атап көрсетілген.